Қостанайдағы зауытта көлік құрастыру ісінде еңбегі жанған арулар аз емес

Автоөндіріс саласының жұмыскері десе көз алдымызға бірден ер адамның бейнесі келетіні анық. Бірақ Қостанайдағы машина жасау зауытында темір тұлпар құрастыру ісінде еңбегі жанған арулар аз емес.

Алена Носик алты жылдан бері автокөлік шанағын сырлаушы, әрлеуші боп істейді. Оның күнделікті міндеті сырлау цехынан шыққан көліктердің сыртын тегістеп, айнадай етіп жылтырату. 

Алёна Носик, сырлаушы:

- Сырт көзге жаңа сырланған автокөлік мінсіз, теп-тегіс болып көрінуі мүмкін. Ал мен көбісі байқамайтын кемшіліктерді көріп қоямын. Шанақтың сыртқы тегістігін саусақпен сезіне білу керек. Мен осыларды әбден тегістеп, көлік шанағын ұзаққа сыры кетпейтіндей етіп жылтыратып шығарамын. 

Автозауыт өкілдері аруларды жұмысқа қабылдаудан бас тартқан емес. Себебі әйелдер ұқыпты, әрі ыждаһатты болады. Кәсіпорында бір жарым мың жұмысшы болса, соның 326-сы нәзік жандылар.

Нұржан Исахмет, бояу цехының шебері:

- Бұл жұмыс әйел затына икемді. Солардың қолынан келуіне жақсырақ еркектерге қарағанда. Еркектерді білесіздер ғой, қолда күш көп, кейде болады басып жібереді. Алғаш рет линияларда жұмыс істейтін әйелдер 2014 жылы орналаса бастады. Сол жылдан бастап саны көбейіп келе жатыр. Келешекте 100 процент әйел болып кететін шығар. 

Кәсіпорын үшін сырлаушы мәртебеге ие. Дәл осы салаға қажетті мамандарды еліміздегі бір де бір оқу орыны даярламайды. Автозауыт бұл мәселені өзі шешіп келеді. Осы тұрғыда қызметкерлерді дайындау мен дамытудың орталығы құрылған. Автоөндірістің болашақ жұмыскерлері мұнда тегін оқиды. 

Әлібек Құсайынов, автозауыттың ұйымдастыруды дамыту жөніндегі басқарушы директоры:

– Қазақстанда қазіргі таңда «сварщик машино-контактной сварки» деген мамандар әзірге дайындалмайды. Оларды өзіміз осы зауытымыздағы оқу орталығы арқылы оқытамыз. Сырлаушылар, оларды да өздеріміз дайындауға мүмкіндігіміз бар. Оларды өзіміз оқытып, содан кейін біліктілігі артқаннан кейін оларды зауытымыздың жұмыс орнына алып, әр цехқа жұмысқа орналастырамыз. 

Қостанайлық сұлулар бүгінде тек жеңіл машиналар ғана емес, ауыр техникаларды құрастыруға да үлес қосып жүр. 

Авторлар: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров