427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Базалық мөлшерлемені 9% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылданды

  • 206
  • UPD: 15:22, 09.03.2021
Базалық мөлшерлемені 9% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылданды

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені +/-1,0 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 9,00% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.

Тиісінше өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 10,00% және өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 8,00% болады.

Шешім азық-түлік нарықтарындағы сақталып отырған теңгерімсіздіктерге, сыртқы сектордағы жоғары белгісіздікке, сондай-ақ инфляцияның жылдамдау тәуекелдерінің болуына байланысты экономикадағы басым проинфляциялық қысымға негізделген. Халықтың инфляциялық күтулері тұрақталмаған және жоғары деңгейде қалып отыр. Сонымен қатар тұтынушылық сұраныс тарапынан дезинфляциялық әсердің біртіндеп әлсіреуі күтілуде, бұл эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруы жағдайында экономикалық белсенділіктің қалпына келуіне байланысты болады.

Инфляция аясы 2021 жылғы ақпанда өзгеріссіз қалып, Ұлттық банктің болжамдарына сәйкес қалыптасты. Жылдық инфляция деңгейі 7,4% (2021 жылғы қаңтарда 7,4%) болды. 11,6%-ке (11,4%) өскен азық-түлік құрауышының жылдамдауы инфляцияға негізгі үлес қосуды жалғастыруда. Азық-түлікке жатпайтын құрауыштың және ақылы қызметтердің өсуі тиісінше 5,2% (5,3%) және 3,9% (4,1%) болды.

Азық-түлік инфляциясының құрылымында шектеулі ұсыныс, әлемдік тауар нарықтарындағы бағалардың, сондай-ақ отандық өндірушілер бағаларының өсуі жағдайында тауарлардың жекелеген түрлерінің (май және тоң май, жұмыртқа, қант) қымбаттауы байқалады. Сонымен бірге алдыңғы айларда байқалған ет және ет өнімдері, нан-тоқаш өнімдері мен жармалар бағасы өсуінің баяулауы ақпанда тоқтады. Тұтынушылық сұраныстың төмен болуына және тұтынушылар талғамының неғұрлым арзан өнімдерге қарай өзгеру үрдісіне байланысты азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының қалыпты өсу қарқыны инфляцияға тежеуші әсер етеді. Ақылы қызметтер құрылымында тұрғын үй-коммуналдық реттелетін қызметтердің жекелеген түрлеріне тарифтердің төмендеуі байқалады. Жеке қызмет көрсету және демалыс қызметтері бағасының өсуі жалғасты.

Маусымдық таза базалық инфляция 2021 жылғы ақпанда жылдамдап, жылдық орташа мәнде 8,3% болды. 2020 жылғы мамырдан бастап алғаш рет базалық инфляцияны бағалау жалпы инфляциядан едәуір асып түсті, бұл азық-түлік бағасының өсуі және тұтынушылық сұраныстың тез қалпына келуі аясында инфляцияның жылдамдау тәуекелдерінің сақталуын көрсетеді.

Тамақ өнімдері жекелеген нарықтарда тұрақсыз және теңгерімсіздіктерге сезімтал болып қала отырып, халықтың 2021 жылғы ақпандағы инфляциялық күтулері өзгерген жоқ. Алдағы бір жылға инфляцияны сандық бағалау 6,7% болды. Респонденттердің арасында белгісіздіктің жоғары деңгейі сақталуда – сұралғандардың үштен бірінен көбі (34%) өз күтулерін бағалауға қиналатынын білдірді.

2021 жылғы қаңтарда экономиканың бірқатар негізгі секторларындағы іскерлік белсенділік ІЖӨ-нің күтілген көрсеткішінен де төмен құлдырай отырып (-4,5%), қысқарды. Мұнай өндіру секторында, сондай-ақ көлік және сауда салаларында айтарлықтай қысқару байқалды. Озыңқы индикатор – іскерлік белсенділік индексіне сәйкес 2021 жылғы ақпанда 49,0 тармаққа дейін (қаңтарда – 48,4) қалпына келу байқалғанын атап өткен жөн. Пікіртерімге сәйкес нақты сектордағы кәсіпорындар бизнесті жүргізу жағдайларының жақсарғанын атап өтті, қазіргі жағдайды бағалау бойынша жауаптар теңгерімі 2020 жылғы қаңтардан бастап алғаш рет
0,4 болды. Кәсіпорындардың пікірінше, инфрақұрылым, қаржы мен кредитке қолжетімділік, сондай-ақ бизнесті қорғау мәселелері жалпы алғанда жақсарды. Бұл ретте өнімге/қызметке сұраныс және салықтық жүктеме бизнесті жүргізу жағдайларына теріс әсер еткен факторлар болып қалып отыр.

Сауда әріптес елдердің экономикасын қоса алғанда, әлемдік экономиканың даму перспективалары жақсарды. ХВҚ болжамдарына сәйкес 2021 жылы әлемдік экономиканың өсу қарқыны 5,5%-ға дейін жылдамдайды, бұған ірі дамыған елдерде күтілетін ынталандыру шараларының топтамасын іске асыру және COVID-19-ға қарсы ауқымды вакциналау ықпал етеді. Қазақстанның сауда әріптес елдерінің экономикаларындағы қалпына келу серпіні жалғасады. Бұл ретте инвестициялық белсенділік пен тұтынудың артуы, сондай-ақ экспорттың өсуі аясында Қытай экономикасының қалпына келуі неғұрлым жылдам қарқынмен болады.
ЕО елдерінде экономиканың қалпына келуі коронавирус пандемиясымен күрес шеңберінде шектеу шараларын сақтаумен тежеледі. Ресейде ОПЕК + келісімінің қолданылуы және әлсіз ішкі сұраныс өсуді қалпына келтірудің жоғары қарқынын шектейтін болады.

Әлемдік экономиканың қалпына келуі және сұраныстың, оның ішінде шикізат тауарларына сұраныстың өсуі бойынша күтулер аясында мұнай бағасының болашақ серпініне қатысты болжамдар жоғарылау жағына қарай қайта қаралды. Мұнай өндіру деңгейін сақтау туралы ОПЕК+ қабылдаған шешімге қарамастан, әлемдік мұнай нарығын дамыту перспективалары пандемияның бұдан былайғы серпініне, вакциналау тиімділігіне және ОПЕК+ қатысушыларының бұдан былайғы іс-әрекеттеріне байланысты белгісіздікке әлі де тәуелді. Осы жағдайларда «2021 жылғы ақпан-наурыз» болжамды раунд алғышарттары ретінде 2021 жылы мұнай өндіру көлемі 86 млн тонна деңгейінде сақталып, Брент сұрыпты мұнай бағасы базалық сценарий шеңберінде 2021 жылдың соңына дейін және 2022 жылы бір баррель үшін 45 АҚШ долларынан бір баррель үшін 50 АҚШ долларына дейін көтерілді.

Биылғы жылдың басында экономиканың жекелеген секторларындағы ағымдағы серпінді және ахуалдың нашарлауын ескере отырып, Ұлттық банк экономиканың өсу қарқыны бойынша болжамдарды биылғы жылы төмендеу жағына қарай қайта қарады. 2021 жылы базалық сценарий шеңберінде экономиканың өсуі 3,4%-3,7% (ж/ж) болып, 2022 жылы 3,7%-4,0%-ға (ж/ж) дейін жылдамдайды. Халық табысының өсуі, дағдарысқа қарсы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруды жалғастыру және инвесторлар ахуалының жақсаруы аясында ішкі сұраныстың қалпына келуі экономиканың өсуіне негізгі үлес қосатын болады. Әлемдік экономикадағы және Қазақстанның сауда әріптес елдеріндегі ахуалдың жақсаруы жағдайында 2021 жылдың екінші жартысынан бастап нақты экспорттың қалпына келуі күтілуде. Сонымен бірге, кеңейіп келе жатқан ішкі сұраныстың нәтижесінде импорттың күтілетін қалпына келуі таза экспорттың ІЖӨ өсуіне үлесін шектейтін болады.

Жылдық инфляция базалық сценарий шеңберінде Ұлттық банктің бағалауына сәйкес 2021 жылы 4-6% нысаналы дәлізінің жоғарғы шегінің деңгейіне дейін баяулайтын болады. Бұған жекелеген азық-түлік нарықтарындағы ахуалдың және азық-түлік тауарлары бағасы өсуінің жоғары мәндерінің есептеуден шығуының тұрақтануы ықпал ететін болады. Ішкі эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруына және экономикалық белсенділіктің қалпына келуіне қарай тұтынушылық сұраныстың кеңеюі күтіледі, бұл азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтердің бағасына дезинфляциялық қысымды біртіндеп төмендетеді. Қысқа мерзімді кезеңде Ресейдегі инфляцияның жылдамдауы (б.ж. ақпанда 5,7%-ға дейін) және тоғыз ай бойы жалғасып келе жатқан азық-түлікке әлемдік бағаның өсуі аясында сыртқы сектор тарапынан проинфляциялық қысымның басым болуы күтіледі. Орта мерзімді перспективада инфляциялық орта қалыпты болып қалады. Бұған нысаналы бағдарларға жақын сауда әріптес елдердегі инфляция көрсеткіштерінің қалыптасуы бойынша бағалау, сондай-ақ әлемдік азық-түлік нарықтарындағы ахуалдың қалпына келуі жөніндегі күтулер дәлел бола алады.

Жалпы алғанда, ішкі және сыртқы факторлардың әсерінен инфляцияның жылдамдау тәуекелдері жоғары деңгейде қалып отыр. Ішкі тәуекелдер жекелеген нарықтарында азық-түлік тауарлары теңгерімсіздіктерінің сақталуына және ішкі сұраныстың күтілгенге қарағанда тезірек қалпына келуіне байланысты болды. Жаңа штамдардың пайда болуы және вакциналаудың тиімсіз болу тәуекелі аясында әлемдегі коронавирус пандемиясына байланысты ахуалдың нашарлауы сыртқы тәуекелдердің негізгі факторы болып қалуда. Мұндай сценарий әлемдік экономиканың қалпына келуіне кедергі болуы мүмкін, мұнай бағасының төмендеуіне және тауарларды жеткізу мен қызмет көрсетудің іркілісіне әкелуі мүмкін. Азық-түлікке әлемдік бағаның неғұрлым ұзақ өсуі жағдайында сыртқы инфляциялық аяны күшейту тәуекелі бұрынғысынша жоғары. Бұдан басқа, сауда әріптес елдерге қатысты санкциялық риториканың күшеюіне және әлемдік қаржы нарықтарындағы құбылмалылықтың әлеуетті артуына байланысты сақталып отырған геосаяси тәуекелдерді, сондай-ақ ОПЕК+ және ОПЕК-тен тыс елдер ұсыныстарының ұлғаюына байланысты энергия тасымалдағыштар бағасының күрт төмендеуін атап өткен жөн.

Дамыған елдердегі сыртқы монетарлық жағдайлар орта мерзімді кезеңде ынталандырушы салада қалуды жалғастырады. АҚШ ФРЖ және ЕОБ ынталандырушы ақша-кредит саясатын ұстанатыны туралы мәлімдеуді жалғастыруда. Бұл ретте Қазақстанның негізгі сауда әріптестерін қосқанда, дамушы елдерде инфляциялық процестердің жылдамдауына қарай мөлшерлемелерді арттыру жағына қарай ауысу орын алуы мүмкін.

Біздің бағалауымыз бойынша базалық сценарийде ақша-кредит талаптары орта мерзімді кезеңде біртіндеп бейтарап деңгейге қайта оралады. Инфляциялық тәуекелдердің қазіргі теңгерімі ақша-кредит талаптарын қосымша жеңілдету ортасын теңестірді. Бұл ретте Ұлттық банктің барлық қажетті құралдары бар және перспективалар айтарлықтай нашарлаған жағдайда инфляцияны одан әрі нысаналы деңгейге дейін төмендету үшін қажетті проактивті шешімдер қабылдайтын болады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2021 жылғы 26 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша 15:00-де жарияланатын болады.

Ақпарат көзі: Ұлттық банктің баспасөз қызметі

Хабар 24 телеарнасы