Сапасыз интернет үшін айыппұлдан тұтынушыға не пайда?

Сапасыз интернет үшін айыппұл салынады. Цифрлық даму министрлігі 3G, 4G және үйдегі интернет байланысқа қойылатын талаптарды белгіледі. Өзгерістер осы айдан бастап күшіне ене бастады. Бұдан тұтынушыларға қандай пайда бар және тарифтер өсе ме? Провайдерлер мен сарапшылардың пікірі қандай? 

Қазақстанда мобильді және үйдегі интернет желілердің ең төменгі талаптары белгіленген. 3G үшін деректерді жеткізу жылдамдығы секундына 1 мегабиттен төмен болмауы тиіс. 4G үшін кем дегенде 5 мегабит. Ал үйдегі интернет жылдамдығы тарифте көрсетілген жылдамдықтан 70%-тен төмен болмауы керек. Осылайша елде байланыс сапасын арттыру жоспарланған. Бірақ операторлар бұл талаптарға сай келу үшін қосымша жабдықтар сатып алу керек екенін айтады.

Евгений Настрадин, ұялы байланыс операторының бас атқарушы директоры:

- Бұл талаптарды орындау үшін біз инвестицияны едәуір арттырып, алдын ала қор жасап қоюымыз керек. Мысалы, ең үлкен жүктеме кезінде желі секундына 5 мегабит сынды минималды талапты орындай алатындай жасау керек. Мұндай өнімділікті арттыру үшін желінің кейбір элементтерін қарапайым түрде ұйымдастыру қажет. Ал бұл әрбір ұялы оператор жүздеген миллиард теңге жұмсауы тиіс дегенді білдіреді. 

Тағы бір ірі отандық провайдер «цифрлық даму министрлігінің талаптарын толығымен орындаймыз» деп сендірді. Алайда әлемдік көрсеткіштерге дейін әлі алыс. Әлемдегі мобильді интернеттің жылдамдығы секундына шамамен 32 мегабит. Қазақстанда бұл сан 20-дан аспайды. Бірақ шалғай аудандардағы жағдай бұдан да қиын. Онда интернет сапасын жақсарту қосымша қаржыны қажет етеді. Бұл қызмет көрсету құнының қымбаттауына әкелмей ме? Осыны біз компания өкілдерінен сұрап білдік.

Нұрлан Мейірманов, телеком-компанияның инновациялар жөніндегі бас директоры: 

- Баға түбегейлі өзгермейді. Ал талаптар негізінен дұрыс. Тұтынушылар өз талаптарын айтып отыр. Жағдайды жақсарту керек. Бірақ алдымен мәселе неде соны анықтап алған жөн. Егер мәселе тұтынушылардың сапалы желіге қол жеткізгісі келетіндігімен байланысты болса,  онда «неге нарықта, аймақтарда хабар тарату серверлерін қамтамасыз ететін сала қалыптаспайды» деген сауал туындайды.

Ал интернетке қол жеткізе алатын ұялы байланыс абоненттері күн санап артып келеді. Қазір олардың саны 16 миллион. Интернет сапасының төмендігі осыған да байланысты болуы мүмкін. Бірақ сарапшылардың пікірінше, провайдерлер қызметтерін қымбаттатпай интернеттің сапасын өз есебінен жақсартуы керек. Бұл үшін цифрлық даму министрлігі оларға жеңілдіктер беруге дайын.

Диас Төлегенов, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі комитетінің бас сарапшысы:

- Алдағы бес жыл ішінде оларға радиожиілік спектрін пайдалануға 90% жеңілдік беріледі, яғни салық жеңілдіктері ұсынылады. Осының арқасында операторлар  қаражатты үнемдейді. Сондықтан біз олармен келіссөздерді жалғастырамыз және тарифтердің көтерілмеуіне сенеміз. Бірақ біз өз тарапымыздан жаңа ештеңе енгізіп жатқан жоқпыз. Тек олар ұсыну керек болған көрсеткіштерді  заңнамалық деңгейде бекіттік.

Интернеттің сапасына наразы әрбір қазақстандық компанияны сотқа бере алады. Министрлік жанындағы арнайы қызмет мамандары тұтынушы құқығын қорғауға көмектеседі. Олар тұрғынның өтініші негізінде қажетті тексеру жүргізеді. Егер заң бұзушылықтар сотта дәлелденсе, операторға айыппұл салынады. Ең үлкен айыппұл мөлшері 300 мың теңгеге жуықтайды. 

Ғазиза Мұхамеджанова, Аят Дүйсембаев, Ерзат Зайтхан