«Банктен» қоңырау: алаяқтың арбауына түспеу жолдары

Алаяқтар қазақстандықтарды шабуылдап жатыр. Олар азаматтарға хабарласып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырады және әртүрлі жолдар арқылы ақшасын алдап алуға тырысады. Адамдар неге белгісіз біреуге сенеді және оның қалай алдын алуға болады? 

Әлия Аймағанбетова телефон алаяқтары құрбандарының бірі. Бірнеше күн бұрын оған банктен деп бір адам хабарласты. Оның банк қосымшасы арқылы басқа біреу несие рәсімдеп жатқанын жеткізді. Әлия ер адамның айтқандарын бұлжытпай орындады: нұсқауы бойынша жаңа құпиясөз орнатты, СМС-пен келген кодты хабарлады, банкоматтан ақшасын шешіп, көрсетілген шотқа салып жіберді. Сосын барып алаяқпен сөйлескенін және өз-өзіне несие рәсімдеуге көмектескенін түсінген.

Әлия Аймағанбетова, жәбірленуші:

- Олар қосымшаны ашуымды сұрады және одан кейінгі әрекеттерімді айтып отырды. Паролімді ауыстырдым. Тіпті өз-өзімді суретке де түсірдім. Мұнан кейін олар нұсқаған жақын жердегі банкоматқа бардым. Ақшаны шешіп, біз айтқан шотқа жіберуіңіз керек деді. Ал мен әрине сол номерге ақшамды аудардым. Барлық қаржымды салдым. Олар маған тіс жармау қажеттігін, яғни құпиялылықты сақтау керегін ескертті. Егер қазір банкке барсам не хабарлассам тергеу жүргізуге кедергі жасайтынымды жеткізді.

Банк қызметкерлері ешқашан былай жасамайды дейді мамандар. Ал енді алаяқ пен банк өкілін қалай ажыратуға болады?

Сарапшылардың айтуынша, соншалық қиын емес.

Евгений Лысенко, Алматы қ. Полиция департаменті баспасөз қызметі жетекшісінің орынбасары:

- Нағыз банктің қызметкері «операцияны өзіңіз жүргізіп жатырсыз ба?» деп сұрауы мүмкін. Яғни сіз «иә» немесе «жоқ» деп жауап беретін  нақтылау сұрақтарын ғана қоя алады. Ал алаяқтар үнемі бірдеңе істеуіңізді сұрайды.

Сәуле Ынтықбаева, ҚР Қаржылық нарықты реттеу және дамыту агенттігі басқарамасының басшысы:

- Мәселен, алаяқтар былай айтады. Сіздің картаңыз бойынша күдікті операцияларды бұғаттау үшін жүйеге жеке мәліметтеріңізді енгізу керек. Яғни жеке сәйкестендіру номері, картаның екінші жағындағы үш цифрлы код, банк картасының не шоттың деректерін біледі. Телефоныңызға жіберілген СМС-хабарламадағы кодты сұрайды. Бұған қоса алаяқтар банктің мобильді қосымшасындағы парольді ауыстыруды, белгілі бір қосымшаларды жүктеуді немесе телефонға жіберілген сілтемеге кіруді өтінеді. Ешқашан ондай әрекетке бармаңыз. Ешқандай ақпарат бермеңіз. Қосымшаларды жүктемеңіз, күдікті сілтемелерді баспаңыз. 

Аслан Қаженов, тілші:

- Алаяқтар өте жақсы, нақты және сауатты сөйлейді. Олар барынша адамды шатастыруға тырысады және осы мақсатта әртүрлі қитұрқылыққа барады. Олардың қандай амал ойластырғанын алын ала болжау мүмкін емес. Сондықтан өзіңізді және өзіңіздің шотыңызды қорғағыңыз келсе, бірден телефонның қызыл батырмасын басып, әңгімені аяқтай салуға кеңес береді мамандар.