433,15 516.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

2021 жылдың екі айында мемлекеттік бюджетке кірістер жоспары 124,3%-ке атқарылды – Е.Жамаубаев

  • 102
  • UPD: 11:34, 11.03.2021
2021 жылдың екі айында мемлекеттік бюджетке кірістер жоспары 124,3%-ке атқарылды – Е.Жамаубаев primeminister.kz

ҚР премьер-министрі А.Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында мемлекеттік бюджеттің атқарылу көрсеткіштерінің қалай қалыптасқаны туралы баяндады.

Алдын ала деректер бойынша биылғы екі айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштері келесідей қалыптасты.

Мемлекеттік бюджетке 1 трлн 472 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 124,3%-ке атқарылды. 

Республикалық бюджетке 899 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 117,1%-ке атқарылды. Кірістер бойынша жоспар 132 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар 102 млрд теңгеге асыра орындалды. Салықтар бойынша негізгі асыра орындау сомасы пайдалы қазбаларды өндіру салығына, қосылған құн салығына және шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден бажына тиесілі болды.

Пайдалы қазбаларды өндіру салығы және қосылған құн салығы бойынша жоспардың асыра орындалуына 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2020 жылғы 4 тоқсандағы негізгі экспорттық позицияларға бағаның орташа 11,2%-ке ұлғаюы әсер етті.

Қосылған құн салығы бойынша жоспарды асыра орындауға келесі факторлар әсер етті:

кәсіпкерлік белсенділіктің өсуі;

2020 жылғы қаңтармен салыстырғанда 2021 жылғы қаңтарда үшінші елдермен импорт көлемінің 1,2%-ке ұлғаюы.

Шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы бойынша негізгі асыра орындау экспорттық кеден бажы мөлшерлемесінің $50 дейін ұлғаюымен байланысты. 

«Сонымен қатар, жоспар корпоративтік табыс салығы бойынша орындалмаған, ол 2021 жылғы қаңтар-ақпанда 719 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 35,7%-ке немесе 52 млрд теңгеге азаюына байланысты. Жергілікті бюджеттердің кірістері 137,3%-ке атқарылды және 574 млрд теңгені құрады. Жоспар 156 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 138 млрд теңгеге асыра орындалды. Барлық өңірлерде кірістер бойынша жоспарлар артығымен орындалды», – деді Е.Жамаубаев.

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 97,3%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары – 99%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 94,5%-ке атқарылды.

Республикалық бюджет бойынша сомасы 2 трлн 510 млрд теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 25 млрд теңгені құрады, оның ішінде 13 млрд теңге – үнемдеу. Игерілмегені – 12 млрд теңге.

Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары мына орталық мемлекеттік органдарда қалыптасты: қорғаныс, еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау, денсаулық сақтау, әдiлет, мәдениет және спорт министрліктерінде. 

Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдерді ұзақ уақыт өткізу және уақтылы өткізбеу, төлем жөніндегі құжаттарды ұзақ келісу, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау, нақты көрсетілген қызметтер көлемі, орындалған жұмыстар үшін ақы төлеу, шарттар мен қосымша келісімдерді қазынашылық органдарына тіркеуге кеш ұсыну.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 853 млрд теңгені құрады. Атқарылмағаны – 49 млрд теңге. Ағымдағы жылы өңірлерге 1,9 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 наурызға дейін 211 млрд теңге бөлінген, оның 95,1%-і игерілген. Атқарылмағаны – 10 млрд теңге, оның ішінде 1 млрд теңге – үнемдеу, 9 млрд теңге игерілмеді.

Ең көп игерілмеу келесі өңірлерде: Маңғыстау облысы, Нұр-Сұлтан қаласында, Түркістан, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында қалыптасты.

«Ағымдағы жылдың екі айында камералдық бақылаумен сомасы 2,3 трлн теңгеге 213 мыңнан астам мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылды. Тексерулердің қорытындылары бойынша 6 153 рәсім бойынша бұзушылықтар анықталды. Мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы 5 601 хабарламаны орындады. 491 аудиторлық іс-шаралар өткізілді. Аудитпен 237 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды», – деді қаржы министрі. 

Сомасы 23 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарларды жеткізумен, қызметтерді көрсетумен және жұмыстарды орындаумен қалпына келтіру, бюджетке өтеу және есепке алу бойынша көрсету жолымен 12 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілері қызметінің тиімділігін жетілдіру және арттыру үшін 395 ұсыным берілді.

Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 674 объектіні сату көзделген. Есепті кезеңде сомасы 13,6 млрд теңгеге 19 объект сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. 8 нысан сатылуға қойылды. Коммуналдық меншіктің 1 объектісі таратылды. 646 объектіні сату қажет.

Хабар 24 телеарнасы