Қазақстанда бензин мен дизель отынының қажетті қоры бар

Қазақстанда бензин мен дизель отынының жиынтық қоры қолайлы деңгейде, деп хабарлады энергетика вице-министрі Әсет Мағауов.

«5 наурыздағы жағдай бойынша мұнай өнімдерінің жиынтық қоры қолайлы деңгейде. Атап айтқанда, бензин бойынша 218,7 мың тонна, бұл елдің 20 тәуліктік қажеттілігін қамтуға жеткілікті, ал дизель отыны бойынша 306,2 мың тонна, бұл ішкі нарықтың қажеттілігін 28 тәулікке қамтамасыз етеді», – деді Мағауов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сондай-ақ вице-министр ішкі нарықтағы ЖЖМ-ға баға белгілеу тетігі туралы еске салды. Баға сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасады, яғни нарықпен реттеледі және мұнайдың әлемдік бағасына байланысты емес.

– Баға белгілеу кезіндегі негізгі факторлар – Қазақстан Республикасындағы мұнай құны (ішкі бағалар), процессинг (мұнай өңдеу қызметі), салықтар мен акциздер, зертханалық сынақтар мен қоспалар бойынша шығындар, банктік қарыздарға қызмет көрсету, цистерналарды беру-жинау, тауарды тасымалдау және басқа да ілеспе шығындар болып табылады, – деп түсіндірді Мағауов.

Мұнай өнімдерінің ішкі нарығындағы бағалар реттелмейді (2015 жылдан бастап бензинге; 2016 жылдан бастап дизель отынына бағаларды мемлекеттік реттеу алып тасталған) және нарық сұраныс пен ұсыныстар негізінде айқындалады.

Қазақстанда ЖЖМ бағасының ауытқуына әсер ететін бірнеше факторлар бар: шекаралас мемлекеттер мен Қазақстан нарықтарындағы баға белгілеу, сондай-ақ көрші елдермен шекаралас облыстардағы бақыланбайтын ағын.

– Жоғарыда аталған жағдайлар мұнай өнімдеріне баға «тепе-теңдігін» үнемі іздеуді талап етеді. Басқаша айтқанда, Қазақстан Республикасында бензин бағасы шекаралас мемлекеттердегі бағадан айтарлықтай төмен немесе айтарлықтай жоғары болмауы тиіс. Ішкі нарықтағы бағалар төмен болған жағдайда, отандық өнімнің шекаралас мемлекеттер нарығына ағылуына байланысты тапшылық қаупі туындайды, ал бағалар жоғары болған жағдайда, импорттық бензиннің профициті және осының салдарынан қазақстандық қоймалардың отандық отынмен толып кетуі және кейіннен ҚР МӨЗ-дерінде қайта өңдеу көлемінің төмендеуі болуы мүмкін, – деді вице-министр.

Сонымен қатар Әсет Мағауов энергетика және ауыл шаруашылығы министрліктері көктемгі егін жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынын жеткізу кестесін бекіткенін хабарлады. Кесте аясында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне (АШТӨ) 380 мың тонна дизель отыны бөлінді.

Мағауовтың мәліметінше, Павлодар және Шымкент МӨЗ-і дизель отынын АШТӨ мекенжайына 1 тоннасына 174 000 теңге, Атырау МӨЗ-і 1 тоннасына

172 000 теңге бағамен жіберетін болады. Бұл ретте жеткізуді және басқа да шығындарды ескере отырып, АШТӨ үшін дизель отынының бағасы АЖҚС бөлшек сауда бағасынан 13-14%-ке (21-22 теңге/литрге) төмен болады.

Ауыл шаруашылығының мұқтаждары үшін дизель отынының құны ЖЖМ нарығына қатысушылармен келісім жолымен айқындалады және оны мұнай өнімдері ресурс ұстаушылардың өздері ерікті түрде белгілейді.

– АШТӨ үшін МӨЗ-ден дизель отынын тиеп-жөнелту басым негізде жүзеге асырылады. Бұл ретте тиеп-жөнелтуді бақылау және мониторингтеу тәулік сайынғы негізде жүзеге асырылады. Ағымдағы жылғы 9 наурыздағы жағдай бойынша, 11,3 мың тонна тиеп-жөнелтілді, – деп қорытындылады вице-министр.