«ҚазТрансГаз» «Самұрық-Қазына» АҚ-ның портфельдік компаниясына айналды

«ҚазТрансГаз» «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының дербес портфельдік компаниясына айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Үкімет қаулысы қабылданып, «Самұрық-Қазына» мен «ҚазМұнайГаз» арасында тиісті келісімге қол қойылды. «Осылайша, «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясы көгілдір отынды тасымалдап қана қоймай, сонымен қатар газ және газбен жабдықтау саласындағы толыққанды ұлттық операторға айналады.

Ахметжан Есімов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы:

- Өткен жылдың қараша айында «Самұрық-Қазына» қорының Басқарушылар кеңесінің отырысында кеңес төрағасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «ҚазТрансГазды» «ҚазМұнайГаздан» шығарып, «Самұрық-Қазына» қорына тікелей бағындыру міндетін қойған болатын. Ал, биыл қаңтар айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев газды барлау, өндіру және тасымалдау жөніндегі ұлттық оператор құруды тапсырды. Осы тапсырмаларды орындау мақсатында бірқатар корпоративтік шешімдер қабылданды. Бүгін Үкіметтің шешімімен «ҚазТрансГазды» қордың сенімді басқаруына беру туралы қаулы қабылданды.