Павлодар облысына шетелден асыл тұқымды 2,5 мың бас ірі қара әкелінеді

Павлодардың сүт шаруашылықтары мал тұқымын асылдандыруға ниетті. Облысқа биыл шетелден ет және сүт бағытындағы 2500 ірі қара әкелінбек. Бұл мақсатқа мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Мал басын асылдандыру жергілікті сүт өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бірыңғай асыл тұқымды мал бағатын тауарлы сүт фермасы жаңадан салынған. Симментал тұқымды сиырлардың екінші легі Австриядан жеткізілді. Қолайсыз ауа райына қарамастан мал тиеген көліктер Еуропадан Қазақстанға он шақты күн жол жүріп келді.

Геннадий Фатесов, мал дәрігері:

- Малдың күйі жаман емес. Ұзақ жолдың әсерінен аздап арықтағанын көріп тұрмыз. Бұл қалыпты жағдай. Үш күн бойы тек шөп береміз. Одан кейін ақырындап жем араластырамыз. Сиырлар 10-12  күнде бастапқы қалпына қайта келеді.

Геннадий Фатесов Украинадан келген жоғары дәрежелі маман. Ол заманауи технологияларды енгізген отандық тауарлы сүт фермаларының әлеуетін жоғары бағалады. Бүгінде сүт өндірушілер өнімді экспортқа шығара алады. Бұған толық мүмкіндік  бар.

Валентина Дорошенко, сауыншы:

- Тазалыққа баса мән беріледі. Сүтті осы жерден іше беруге болады. Жұмыс істеу жеңіл әрі қауіпсіз. Сиырлар теппейді. Малды саумас бұрын міндетті түрде желінін зарарсыздандырамыз. Бірінші сүтті сауып тастаймыз. Аппаратты сүртіп барып кигіземіз.

Айналмалы сауу алаңын жергілікті сүт фермалары жаңашылдыққа жатқызды. Бұл Ертіс өңірінде жүзеге асып жатқан ірі инвестициялық жобалардың бірі. Құны 3 миллиард теңгеге түскен. Құйылған қаржы 5 жыл ішінде өтелуі тиіс. Бірақ қазіргі экономикалық жағдайда бұл жоспардың орындалуы екіталай. Оның үстіне сүтті сатып алу құны 160-тан 150-ге теңгеге төмендеген. Фермерлер мемлекеттен бөлінетін демеуқаржыға тәуелді.

Дидар Бейсембаев, шаруа қожалығының директоры:

- Бұл өте күрделі сала. Менің ойымша, оны дамыту мемлекеттің қолдауынсыз жүзеге аспайды. Өйткені малдың азығына, қосалқы бөлшектерге, жұмысшылардың жалақысына қомақты қаржы кетеді.

Демеуқаржы есебінен бір литр сүттің құны кәсіпорынға 190 теңгеден келеді. Мұнда бір тәулікте 7 тоннаға дейін сүт сауылады. Жалпы өндірістік қуаттылығы 25 тоннаны құрайды. Ал жергілікті сүт өндіруші кәсіпорындар жүктемесі 50 проценттен сәл ғана асады. Себебі шикізат тапшы. 

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат