Пандемияның салқыны тиген кәсіпорындар жабылу алдында тұр

Уақыт талабына бейімделген өндіріс. Елордадағы әскери жабдық шығаратын кәсіпорында былтырдан бастап өкпені жасанды желдету аппараттары құрастырылады. Қондырғы ел ауруханаларына таратылған. Дегенмен, коронавирус кері әсер еткен зауыттар да бар. Бірқатары шикізат тапшылығынан қатты қиындық көріп, жабылу алдында тұр. Мәселе қалай шешілмек? 

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Бейбіт күнде қолға мынадай қару алу біз үшін жат қылық. Дегенмен, қазақстандық өндіріс орны мен оның шығаратын бұйымдары жайлы айтқанда тәуекелге бел будық. Бұл елдегі әскери қызмет саласына арнайы бұйымдар шығаратын өндіріс орны. Мынадай атыс қаруына түнгі көру, яғни тепловизор сынды құралдарды әзірлейді. Соңғы бір жылда кәсіпорын бағытын сәл өзгертті. Тек атыс қаруларына арнайы құралдарды әзірлемейді, медициналық мекемелерге жабдықтар да шығарады.

Кәсіпорында өкпені жасанды желдету аппаратының өндірісі былтыр басталған. Қондырғы түркиялық технология бойынша әзірленеді. 20 түрлі функциясы бар. Өндірістің бір бөлігі автоматты жүйеге негізделген. Басы-қасында 70-ке тарта адам жұмыс істейді.

Кейінгі 1 жылда адамзаттың қас жауына айналған вирусты жеңуге тек медицинаның қауқары жетпейді. Ғылым мен өндіріс қосылып, адамзаттың озық ойлы жобаларын жүзеге асыруы қажет. Осыны ескерген кәсіпорын әскери ғана емес, медициналық жабдық шығаруға басымдық берді.

Әйгерім Сәрсембаева, кәсіпорын қызметкері:

- Әрине бұл біз үшін ерекше өндіріс. Біздің әріптестеріміз шетелде оқыған, өндірісті дамыту үшін бар күшін салды. Және аппаратты шығару үшін максималды жұмыс істедік.

Қондырғының бөлшек заттары Түркиядан әкелінеді. Өндірістің екінші сатысында қондырғы қолмен құрастырылады. Ауруханаға жіберілмес бұрын тыңғылықты тексерістен өтеді.

Мереке Бисембиев, өндіріс директоры:

- Өкпені жасанды желдету аппараты Қазақстанда өндірілетінін білеміз. Бірақ біздің мекемеге арнайы тапсырма болған. Сондықтан қорғаныс өнеркәсібімен шектелмей, жаңа өндірісті алуға міндеттелдік.

Әлемдік пандемия барлық сала жұмысына әсер етті. Кей өндіріс ошақтары шекараның жабылып, нарық сұранысының өзгеруін тиімді пайдаланса, енді бірқатары қалыпты кәсібінен қол үзді. Соның бірі Жамбыл облысындағы фармацевтикалық зауыт. Кәсіпорын шикізат тапшылығын қатты сезініп отыр.

Әлішер Анарметов, өндіріс директоры:

- Тапсырысты уақытылы орындамағанымыздан бізге айыппұл салынды. 160 млн теңге шамасында. Қолымызда шикізат болмағанын дәлелдей алмадық. Өз тарапымыздан қолдан келгеннің бәрін жасадық. Енді өндірісті тоқтатып, қызметкерлерді қысқартуға тура келеді.

Фармацевтика зауыты қуаттылығы жағынан елде ілгері саналады.

Мамандардың айтуынша, шығарылып жатқан өнім сапасы жоғары. Бірақ кәсіпорынға бірыңғай дистрибьютор тарапынан рұқсат берілмеген. Тиісті мекемеге өтініш жасалса да, құлақ асар ешкім жоқ. Жағдай бұлай жалғаса берсе, қыруар қаржыға салынған нысан жабылып, мамандар жұмыссыз қалуы мүмкін.

Әсет Адахаев, салалық даму орталығының директоры:

- Өңдеу өнеркәсібі саласындағы көптеген кәсіпорын шикізатқа тәуелді. Бұған бірнеше себеп бар. Министрлік шетелден шикізат әкелу жолдарын жеңілдету жайын қарастырып жатыр. Тасымалдау, қосымша құн салығы және баж салығы бойынша мәселелер шешілетін болады.

Мамандардың айтуынша, елдің өнеркәсіп саласындағы жағдай әзірге осындай. Пандемия көпшілігіне кері әсер етті. Дегенмен, өңдеу өнеркәсібінде алға жылжу бар. Былтыр бұл салада 13 трлн теңгенің өнімі шығарылды. Бұрын-соңды елде жасалмаған өкпені жасанды желдету аппараты да құрастыра бастады. Бұл өнімнің бағасы нарықта 9 млн теңге. Тапсырыс әзірге тек мемлекет тарапынан жасалады. Осы уақыт аралығында кәсіпорын аппараттың 1500 данасын шығарды. 

Авторлар: Рауан Мыңбаев, Ерлан Наурызбаев