Қызылорда облысында жемнің қымбатшылығы жұртты малын сатуға мәжбүрледі

Сыр бойының шаруалары қолдағы малын сатуға асығады. Өйткені төрт түлігін қорада ұстайын десе жем-шөп құны күн сайын шарықтап барады. Бақылаусыз баға азын-аулақ малымыздан айыратын болды дейді ата кәсіпке ден қойғандар. Саланың жауапты мамандары «ауыл шаруашылығын қолдап жатырмыз» деуден танбайды. Бірақ мал азығын дайындауға қатысты кешенді жоба жоқтың қасы.

«Жем-шөпті қамдамай мал шаруашылығын өрістетеміз» деу бос әурешілік әрине. 342 мыңдай мүйізді ірі қара, 700 мыңдай уақ мал, 160 мың жылқы мен 52 мыңдай түйе өсірілетін өңірде толық қуаттылықта құрама жем шығаратын бір де бір кәсіпорын жоқ. Арпа, бидай, сұлы солтүстік облыстардан тасымалданған соң бағасы жиі құбылады. Арыға бармай-ақ өзімізде өсетін күріш кебегінің өзі қазір келісі 70 теңгеден сатылып жатыр. Былтыр 55 теңге шамасында еді. Бұл жәйт әрине шаруаға жайсыз.   

Мейрамбек Ұлтанбекұлы, қала тұрғыны:

- Бірді-екілі сауын сиыр ұстаймыз, бордақылаймыз. Осыларға жем-шөп малдан қымбат болып отыр. Бір бас малға шақсақ жем-шөп малдан қымбат болып тұр.

Айдос Нәрікбайұлы, қала тұрғыны:

- Қызылордада су жоқ шөпке. Су болса шөптің басы арзан болады. Су болмағасын қымбат шөп. Жем онсыз да. Қазір қорада ұстап мал бағу қиын. 

Қонысбек Сәдібеков, қала тұрғыны:

- Мысалға, былтыр 1700-1800-ден алынатын нәрсе қазір 2800 теңге. Сонда есептеп қараңыз тіпті 50% қымбаттап отыр. Ет пен сүттің бағасы баяғы қалпында тұр базарда. Егер төрт түлік ешкім ұстамаса ет ертең 3-4 мың теңге кетіп қалуы мүмкін.  

Аграрлы аймақта шаруа қожалықтары мал азығын әзірлеу үшін 2014-2015, 2016 жылдары субсидия берілген. Одан кейін ол сала министрлігі тарапынан тоқтап қалған. Былтыр облыс әкімдігі қолдау жүйесін қайта жандандыруға тырысып, іргелі шаруашылықтарға көмектескен. Ал қорасындағы 4-5 түлігіне қарап, жан бағып отырғандар бағдарламадан тыс қалып отыр.  

Арыстан Омаров, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- 2020 жылы мал шаруашылығын дамыту ережесіне өзгерістер еніп, мал азығына жұмсалған шығындарды ішінара өтеуге субсидия бөлінген болатын. Осыған байланысты былтыр біраз шаруаларға субсидия төледік. 886 шаруашылық субсидия алды. Толық жетпей қалды. Өйткені жылдың аяғы болып қалған, қосымша қаражат бөлінген кезде 730 млн теңге бөлінді да толық қамтылмай қалған.   

Жем-шөп қымбат болғасын ауқымды көлемде мал бордақылайтындар азайып барады. Тиісінше ет өнімдерін даярлайтын жергілікті кәсіпорындар шикізатты сырттан тасымалдауға мәжбүр. Қазіргі таңда аймақ шаруалары тұрғындар сұранысының жартысын ғана өндіріп отыр.  

Арыстан Омаров, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Жалпы ет өндірісі өзіміздің халықты 56% қамтамасыз етіп отырмыз. Бірақ шұжық өнімдері, жартылай фабрикат, консерві көбіне Ресейден тасымалданып отыр. Шымкент облысы дайын. Олардың жерлері құнарлылау да малдары тезірек семіреді. Солар да сұранысты шамалы жауып отыр. Бізде жемнің құнарлылығы төмен ғой. Малдың семіруі қиын. Оларда 2 ай байланса, бізде 3-4 ай байланады. 

Жайылымының оты аз, жем-шөпке жарымаған біздің арық-тұрық малды көрші Түркістан облысының шаруалары алып кетіп жатыр. Арзанға алған көтерем түлікті бірер ай бордақылап, құнын асырып қайта өзімізге сатады. Сырбойылық шаруалар еңбекке епсіз дегіміз жоқ. Салалық тиімді қолдау, құрама жем өндірісі мен Сырдарияда судың жоқтығы қолбайлау болып отыр.

Авторлар: Қамбар Бекенов, Айтмұхамбет Бәйділдаев