Ақпан айында ел тұрғындары қанша алтын құйма сатып алғаны белгілі болды

2021 жылдың ақпан айында қазақстандықтар екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пункттерінен жалпы салмағы 59,2 кг 2 309 құйма сатып алды.

Ұлттық банк халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын 2017 жылы қолға алған болатын. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бері жалпы салмағы 1,74 тонна 47 302 алтын құйма сатылды.

Алтын құймалардың бес түрі ұсынылған: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасы іске асырылғалы халық арасында ең көп сұранысқа ие болғаны – 10 грамдық құйма.

«Жалпы сатылымдағы оның үлесі 28% – 12 932 дана. Одан кейін 100 грамдық құйма – 10 830 дана (23%) және 20 грамдық – 10 637 дана (22%), 5 грамдық – 7 235 дана (15%), 50 грамдық – 5 668 дана (12%). Негізінен өлшенген құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында сұранысқа ие», – деп мәлімдейді Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Алтын құймалар сенімді инвестициялық құрал бола алады. Банктер мен банктік емес айырбастау пункттерінің клиентке ақшасын төлеп, құймаларды «күнбе-күн» сатып ала алатын мүмкіндігі – алтын құймалар нарығының өтімділігін қамтамасыз етуде негізгі факторға айналып отыр. Бағдарлама іске қосылған уақыттан бері жалпы салмағы 3,7 кг өлшенген тек қана 140 құйма сатып алуға қабылданды. Бұл, әрине, алтын құймалардың ұзақ мерзімді инвестициялау мен жинақтау құралы болып табылатынына байланысты.

Әр құйма қорғаныс элементтерімен (құймалардың айна беті, микротекст және рельефтің шеті), құймаларды механикалық зақымданудан қорғайтын және пакеттің ашылған-ашылмағанын тексеруді жеңілдететін арнайы қаптамада шығарылады. Қорғаныс қаптамасы, сонымен қатар, құйманың сапа сертификаты бола алады. Сондықтан құйманы сақтағанда мұқият болып, ораманы ашпаған жөн.

Қазіргі уақытта алтын құймаларды Halyk Bank-те, Еуразиялық банкте, Jusan Bank-те, Банк ЦентрКредитте, сондай-ақ банктік емес айырбастау пункттерінде сатып алуға және сатуға болады.