Қазақстандықтар үш миллиардқа жуық қолма-қол ақшасыз операция жасаған

2020 жылы қазақстандық банктердің карточка иегерлері 35,3 триллион теңгеге 3 миллиардқа жуық қолма-қол ақшасыз операция жасады.

Бұл көлемнің 81%-і онлайн-операциялар – интернеттегі төлемдер мен мобильді банкингке тиесілі, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Бұл ретте айтарлықтай өсім карантиндік шектеулерге байланысты қалыптасып отыр. Қолма-қол ақшасыз жасалған транзакциялардың жалпы санындағы онлайн-транзакциялардың үлесі 2020 жылдың соңында 66% -ті құрады, ал 2020 жылдың басында ол тек 46% болды.

2020 жылдың қорытындысы бойынша, мобильді және интернет-банкингті белсенді пайдаланушылар саны 82%-ке артып, 14 миллионды құрады.

Жалпы, осы қызметтерді қолданушылардың саны бір жыл ішінде 46%-ке өсті.