426,04 518.00 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Байқоңырда қазақстандық кәсіпкерлерге қымбат салық ауыр тиіп тұр

  • 206
  • UPD: 21:10, 18.03.2021

Байқоңырда кәсіпкерлерді қолдаудың түрлі тетіктері енгізіліп жатыр. Бірақ қосымша құн салығының жоғары болуы қазақстандық бизнес өкілдеріне ауыр тиіп тұр. Өйткені жұлдызды қалашықтағы барлық кәсіпкерлер Ресейдің салық органдарында заңды тұлға ретінде тіркелген.

Ал Қазақстан азаматтары шетелдік резидент ретінде саналғандықтан әкелген тауарларына ұлғайтылған салық төлейді. Байқоңыр Еуразиялық экономикалық одақ және кедендік одақ аясына кіргенімен ғарыш айлағындағы құқықтық мәселелер тек үкіметаралық комиссия шеңберінде қаралады. Кәсіпкерлікке тұсау болған мәселелердің шешу жолдарын қазір қос елдің қаржы ведомстволары қарастырып жатыр-мыс. Бірақ әзірге нақты шешім жоқ.

Байқоңырда жеке сатып алған нысаныңыз болмаса жалға алу өте тиімсіз. Рубльге шаққасын тариф пен коммуналдық төлемдер теңгемен есептегенде қымбаттау шығады. Азық-түліктің бағасы да қалтаңды қағып түседі. Сондықтан тұтынушылардың көбісі іргедегі Ақай мен Төретамнан демалыс күндері сауда жасайды. Бұған дейін туристерге зымыран ұшу сәтін тамашалауды ұйымдастырып келген Владимир Калинин мен Самат Палуанов карантин басталғалы тез дайындалатын тағамдар жеткізумен айналысты. Шектеулер жеңілдегесін 3 жарым миллион рубль жұмсап, отбасылық мейрамхана ашты. Қала әкімшілігінің теңгеріміндегі нысанға күрделі жөндеу жүргізгені үшін кәсіпкер 2-3 жылдай жалға алу ақысынан босатылып отыр.  

Владимир Калинин, кәсіпкер:

- Бетперде, антисептик және дезинфекциялық құралдар да қала әкімшілігі тарапынан тегін берілді. Сондай-ақ жұмысшыларға жалақы төлеу үшін субсидия қарастырылып, жұмыс орындарын сақтап қалдық. Жарты жыл жалға алу ақысын мүлде төлеген жоқпыз. Салықтан да жарты жылға босатылдық.

Татьяна Павлова, Байқоңыр қалалық әкімшілігі экономикалық даму басқармасының бастығы:

- Кәсіпкерлерден түскен 738 өтінім бойынша 10 млн рубльден астам субсидия төледік. Сақтық құралдарымен қамтуға 1 млн рубль жұмсалды. 50 субарендатордың төлемақысы жеңілдетілген формада қайта есептелді және төлеу мерзімі ұзартылды. Жалға алудың жылдық базалық құны бұрын шаршы\метріне 250 рубль болса, қазір 150-ге түсірдік. Егер нысанды 5 жылдан артық мерзімге жалға алса төлемақысы 20%-ке төмендетіледі. 

Байқоңырдағы отандық кәсіпкерлер салықты Ресейге төлейді. Бірақ оларға жеке ғимарат салуға жер бөлінбейді, құрылыс бастауға рұқсат жоқ. Бірақ бәрінен бұрын сол қосымша салық қинап тұр.

Татьяна Павлова, Байқоңыр қалалық әкімшілігі экономикалық даму басқармасының бастығы:

- Алтыншы Үкіметаралық комиссия отырысында Салық кодексіне өзгертулер енгізіп, қосымша құн салығын жеңілдету жайы талқыланды. Қазір ұсыныстар екі елдің экономика министрліктерінде қаралып жатыр. Ресей Федерациясының «Шағын және орта бизнес» корпорациясы жеңілдетілген несие беруге өтінімдер қабылдауды бастады. Қаржылай қолдау кәсіпкерлердің азаматтығына қарай бөліп жармайды. Тек Байқоңыр тұрғыны болуы тиіс. 

Айтпақшы жер кіндігі – Байқоңырда кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту үшін арнайы экономикалық аймақ құру идеясы айтылған болатын. Бұл ретте қазақстандық тарап жобаның негізгі бағыттарын айқындап, үкіметаралық комиссияға ұсынуы тиіс болатын. Бірақ бұл жоба әлі де іске аспай келе жатыр.

Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Хабар 24 телеарнасы