Биыл түрік кәсіпкерлері Қазақстанда 10 жаңа жобаны іске қоспақ

Машина жасау және азық- түлік өндірісі, медициналық бұйымдар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, инфрақұрылым, тау-кен өнеркәсібі.

Түрік кәсіпкерлері биыл тап осы салалардан тұратын су жаңа 10 жобаны іске асырмақ. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің Түркияға жасаған сапары барысында белгілі болды. Екі күндік сапарының алғашқы тәулігінде Сыртқы ведомство басшысы Түркияда бірқатар жоғарғы деңгейде кездесу өткізіп, жетекші компаниялардың басшыларымен бас қосты.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Сыртқы істер министрі бастаған делегацияның Анкарадағы сапары шаһардың қақ ортасында бой көтерген Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың монументіне баруымен басталды. Сосын Аныткабір мавзолейіне барып, Түркия Республикасының негізін қалаушы, Түркияның бірінші президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің рухына тағзым етті.

Жұмыс сапарының жалғасында Мұхтар Тілеуберді Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған қабылдауында болып, 31 наурызда өтетін Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммитіне шақырды. Бұдан бөлек, Қазақстан СІМ басшысы Түркия вице-президенті Фуат Октаймен кездесу өткізіп, ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин мен Фуат Октайдың тең төрағалары болып табылатын Үкіметаралық комиссияның кезекті 12-отырысына дайындықтарды талқылады.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Бұл Мұхтар Тілеубердінің Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі болып, Түркияға жасап отырған алғашқы ресми сапары. Сыртқы істер министрі өзінің әріптесі Мевлүт Чавушоғлұмен кездесті. Онда қос елдің министрлері екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды талқылаумен бірге, тәуелсіздікті алған алғашқы жылдарда қабылданған бірқатар келісімді жаңарту қажеттілігіне тоқталды.

«Бүгінде Нұр-Сұлтан мен Анкараның өңірлік және жаһандық саясаттағы рөлі мен түркі әлеміндегі екі елдің беделі арта түсті», - дейді Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлүт Чавушщоғлұ. Тараптар екі елдің сыртқы саяси ведомстволары басшыларының төрағалығымен Бірлескен стратегиялық жоспарлау тобының VI отырысына қатысып, қос елдің күн тәртібіндегі басым мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, саяси, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолдарына ерекше мән берді.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі:

- Түркия Қазақстан сыртқы сауда серіктестерінің алғашқы ондығында. 6-шы орынға ие. Өзара тауар айналымы қазір 3 млрд АҚШ долларынан 10 млрд АҚШ долларына жеткізу міндеті тұр. Бұл бағытта Қазақстан премьер-министрінің Түркия вице-президенті тең төрағалық ететін үкіметаралық экономикалық комиссия шеңберінде уағдаластықты жүзеге асыру қажет.

Түркияның Сыртқы істер министрі Қазақстан барлық түркілердің тарихи Отаны екенін айтып, Қазақстан-Түркия арасындағы рухани байланыстарға үлкен мән беретінін атап өтті.

Мевлүт Чавушоғлұ, ТР Сыртқы істер министрі:

- Алдағы уақытта бірқатар келісімге қол қоймақпыз. Олардың арасында Қазақстан Тәуелсіздігін алған жылдарда қабылданған келісімдер бар. Қазірде сол келісімдердің кейбір баптары заманымызға сәйкес келмейді. Құжаттарды жаңартып, саммитке әзірлемекпіз. Жоспарға сәйкес келелі жиында 20 келісімді мақұлдамақпыз.

Бүгінде Еуразиялық ықпалдастықтың аясы кеңейген сайын екі елге жүктелген міндет көп. Соңғы кезде қос ел арасында қол қойылған келісімдер қайта қаралуда. Мұхтар Тілеуберді Анкара сапары аясында түріктің жетекші 50 компаниясының басшыларымен бас қосты. Жиын барысында еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері мен түрлі салалары жөнінде жан-жақты ақпарат берілді. 2021 жылы түрік кәсіпкерлеріне тарапынан Қазақстанда іске қосылатын 10 жоба таныстырылды.

Сондай-ақ...