Маңғыстау облысындағы дүкендерде азық-түлік бағасы қадағаланды

Маңғыстау өңірінде 20-дан астам супермаркетте әлеуметтік маңыздағы тағамдар бұрышы ашылды. Бұл жерде халық бірінші кезекте тұтынатын азық-түлік ең төменгі бағамен сатылып жатыр. Мәселен, ас тұзы 48 теңге тұрады. Ал макарон өнімдерінің құны 212 теңгеден аспайды. Екінші сұрыпты ұннан пісірілген нан бағасы 69 теңгеден басталады. Аймақ әкімдігі мен ірі сауда желілері басшылары бекіткен меморандумның нәтижесі бұл. Мониторингтік топтар күн сайын бақылау жүргізіп, азық-түліктің негізсіз қымбаттамауын тексереді.

Гречкамыз 370 теңгеден. Кашаларымыз 252 теңгеден.

Бұл 26-шағын аудандағы супермаркет. Орталық жолдың бойында тұрғасын халық көп барады. Тұрақты тұтынушылардың бірі Сәлима Бекбергенова. Айтуынша, мұндағы нан, шәй, күнбағыс майының бағасы үй жанындағы дүкенге қарағанда 50-100 теңгеге арзан. 

Сәлима Бекбергенова, қала тұрғыны:

- 0,9 литрлік күнбағыс майын 450 теңгеге сатып алдым. Дүкенде ең арзаны 500-ден басталады. Әр сауда орнында әлеуметтік тағамдар бұрышы болғаны дұрыс деп ойлаймын. Халық өзіне қажетті тауарын қолжетімді бағамен сатып алуына жағдай жасалуы керек.

Өңірде осы сауда желісіне қарасты 12 супермаркет бар. Әкімдікпен арадағы келісімге сәйкес барлығында бірдей әлеуметтік маңыздағы тағамдар үстеме бағасыз сатылып жатыр.

Айман Әуезова, сауда желісінің супервайзері:

- Басшымыз меморандумға қол қойғаннан кейін біздер барлық әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын 10-15 процентке төмен түсірдік. Нанды біз 69 теңгеден сатып жатырмыз. Оны өзіміз пісіріп бастадық. Бұрын фирмалардан алған кезде 76 теңгеден болатын.

Аталған меморандум 1 мамырға дейін жалғасады. Әлеуметттік тауарлар көзге түсетін бұрышқа қойылады. Бағасы қызыл немесе сары түсті қағазда көрсетіледі.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Бұл жерде ескеретін бір жайт, мұндай әлеуметтік маңыздағы тағамдар тұтынушыға шектеулі мөлшермен ғана босатылады. Яғни шекердің тек ғана 1 пакетін, ал бір адамға 2 пакет күріш алуына ғана рұқсат. Бұл өз кезегінде шағын дүкен ұстап отырған кәсіпкерлердің тауарларды мейлінше көбірек сатып алып, өзінде жоғары бағамен сатуын болдырмайды.

Жанна Тоқбаева, өңірлік кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы:

- Жыл басынан бері сұйық майға, жұмыртқаға және шекерге баға қымбаттаған болатын. Қазіргі таңда меморандум нәтижесінде бірнеше тауар позициясында төмендеу бар. Соның ішінде сұйық майға 10 процентке, жұмыртқаның бағасы айталық 515 теңге болса, қазір барлық жерде 453 теңгеден. Және де шекердің бағасы 261 теңгеден сатылып жатыр.

Жұмыртқа демекші, биыл қаңтарда тапшылық болып адам басына тек 10 жұмыртқадан босатылған еді. Қазір жағдай тұрақталды. Ресейден және батыс өңірлерден ай сайын 860 мың тауық жұмыртқасы тұрақты түрде тасымалданып отыр.

Авторлар: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев