Дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға бөлінген ақша тиімсіз пайдаланылған

Алматы облысында дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға бөлінген 158 млрд теңгеден аса қаржының 35 млрд астам теңгесі тиімсіз пайдаланылған.

Бұл жайтты мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің кемшіліктерін тексеру комиссиясы анықтады.

Сала мамандарының айтуынша, Қарасай, Іле, Жамбыл аудандарындағы мектептің жобалық сметалық құжаттары болмаған. Соған қарамастан ғимаратты салуға қомақты қаражат аударылған екен. Жолдың жағдайы жақсы бола тұра оны қайта жасаған аудандар да бар. Сонымен қатар 830 млн теңгені жұмсау барысында қаржылық құқық бұзушылыққа жол берілгені белгілі болды. Мәселен, алынбаған тауарға ақша шығындау деректері де тіркелген. Заң талаптарын сақтамаған лауазым иелері жауапкершілікке тартылды.

Бақытжан Мұхаметжанов, облыс бойынша тексеру комиссиясының мүшесі:

- 10-нан астам адам әкімшілік-құқық бұзушылық бойынша тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның барлығы құрылыс саласына бөлінген қаражаттарды дұрыс игермеу, ҚР заңнамасына сәйкес емес игеру, мемлекеттік сәулет, қала құрылысы арқылы әкімшілік айыппұлдарға тартылды.