Маңғыстау облысында көлік газына қатысты мәселе реттеліп келеді

Маңғыстау облысында көлік газына қатысты мәселесі тұрақталып келеді. Қазір газ құю бекеттерінде жағдай бірқалыпты. Аймақта жедел штаб құрылып, күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Мониторингтік топ өкілдері аудан-қалада күн сайын бақылау жасайды. Бағаны негізсіз көтерген кәсіпкерлерге шара қолданылды.

Екі апта бұрын бұл газ құю бекетінде де ұзын-сонар автокөлік кезегі болды. Ал бүгін сұйық отын еш кедергісіз сатылып жатыр. Бір литрі 65 теңге тұрады. Жүргізушілердің сөзіне сенсек, кейбір жерде әлі де болса газдың жоқтығы байқалады. 

Блиц-сауалнама.

- Пока білініп жатқан жоқ. Осында әрдайым газ бар әйтеуір. 4-5 мәшін тұрасың. Тұрдым ғо жаңа. Алдымда 3 мәшін болды. Мен 4-болып тұрмын.

- Тұрақталған ештеңе жоқ-ау дим. Көп жерде газ жоқ. Дачадан былай ештеңе жоқ. Сонау 29-да бар.

- Сәл-сәл жақсы болды бұрыңғыдан. 60-тан бар, 65-тен бар, 70-тен бар. Өзімізден шығады.

Өңірде автогаз тапшылығы әсіресе наурыз айының басында анық байқалды. Себеп көршілес Атыраудағы мұнай өңдейтін зауыттың жоспарлы жөндеуге жабылуы. Осының салдарынан жергілікті газ құю бекеттерінде көзге үйреншікті көлік кезегі пайда болды. Тапшылыққа байланысты кей кәсіпкерлер пайда табу мақсатында сұйық отын бағасын негізсіз көтеріп жіберген. Бұрын литрі 55-тен болған автогазды 75 теңгеге табудың өзі қиынға түсті. Қазір жағдай тұрақталып келеді. 

Нұрсейіт Айладыр, «Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» ММ сектор меңгерушісі:

- Мониторинг жүргізу арқылы қадағалаймыз. Ақтау бойынша белгіленген 69 заправкамыз бар, қазіргі таңда өз жұмысын істеп тұрған. Соларда сыртқа шығару фактісі ешқандай анықталған жоқ. Барлығы зауыттан алып, тіке өз нүктесіне әкеліп сонда сатып жатыр.

Жедел штаб шешімімен газдың шектік бағасы 65 теңге болып бекітілді. Десек те, ескертуді елемей жүрген кәсіпкерлер де бар. Мониторинг топ мүшелері Мұнайлы ауданы мен Ақтауда орналасқан газ құю бекеттерінде сұйық отынның бір литрін 75 теңгеден сатып жатқанын анықтады. Бизнес субъекті иелеріне акт толтырылып, жинақталған деректер аймақтық тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне жолданды. 

Рысгүл Тұрақбаева, Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының заңгері

- Штаб мүшелері 3 бағытта бақылау жүргізді. Атап айтсақ, зауыттан шыққан сұйытылған газды тұтынушыға жеткізу. Одан кейін бағаның негізсіз шарықтап кетпеуін қадағалау және газ құю бекеттерінде ұзын-сонар кезекті азайту. Сұйытылған газ бағасы да арнайы штабтың бақылауында. Қазіргі таңда 65 теңгеден жоғары сатылған деректер тіркелуде. Олар департаментке шара қолдануға жолданды.

Аймақ әкімдігі мәселені шешу үшін Ақтөбе облысынан қосымша 1152 тонна сұйытылған газ алдыртып жатыр. Оның 444 тоннасы жеткізілді. Қалғаны сәуір айының соңына дейін тасымалданады. Бұл аралықта Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты толық жұмыс қуатына қосылуы тиіс.

Авторлар: Нұрлан Қуанышбай, Саламат Бекбаев