«Аграрлық несие корпорациясы» ауылшаруашылық өндірушілеріне жеңілдетілген несие берді

Соңғы екі жылда «Аграрлық несие корпорациясы» 1500-ге жуық ауыл шаруашылығы өндірушісіне жеңілдетілген несие берген. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында бөлінген қаражат 71 миллиард теңгеден асады. Бұл мемлекеттік қолдаудың арқасында көптеген шаруа техникасын жаңартып, мал басын көбейтуге мүмкіндік алды.

Нарықтық экономиканы құраушылардың бірі – шағын және орта бизнес екені белгілі. 2019 жылы кәсіпкерлерді қолдау үшін елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Екі жылда корпорацияға жеңілдетілген несие алуға 1569 өтініш келіп түскен. Оның 1476-ы қолдау тапты.

Руслан Ескендір, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Маркетинг және pr қызметінің жетекшісі:

- «Қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы» бойынша ауыл тұрғындары 1600 жұмыс орнына ие болды. Соның арқасында ауыл да дамыды, ауыл тұрғындарының да жағдайы жақсарып келеді. Өйткені олар ай сайын жалақы алады.

Жеңілдетілген несиеге қолы жеткен компаниялардың бірі қазір Алматы облысында құс етін өндірумен айналысады. Екі жыл бұрын бағдарлама аясында 23  миллион теңге алып, өндіріс орнын қажетті қондырғылармен жабдықтаған. Қазір жылына 60 тоннадан асатын таза, ешқандай химиялық препарат қосылмаған ет өндіріп отыр. Оны еліміздің астанасында және Алматыда сатады.   

Диар Махпиров, компания директоры:

- Бұл жобаға біз 85 миллион теңге жұмсадық. «Аграрлық несие корпорациясынан» қолдау ретінде 23 миллион теңге алдық. Оған цех салдық. Жем-шөп өндірісін жолға қойдық. Осының бәрі көмегін тигізді.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігі бағытындағы басты міндеттердің бірі. Бұл ретте Бәйтерек холдингінің құрамына кіретін Аграрлық несие корпорациясының қызметі ерекше.