2025 жылға дейін Шымкентке баратын турист саны бір миллионға жуықтайды

2025 жылға дейін Шымкентке баратын туристердің саны бір миллионға жуықтайды.

Бұл туралы салаға жауапты мамандар мәлімдеді. Үшінші мегаполисте арнайы жоспар түзіліп, 4 бағыт бойынша жұмыс атқарылады. Сондай-ақ ашық аспан астындағы мұражайдың құрылыс жұмысын жуық арада бітіріп, ішкі туризмді дамытуды мықтап қолға алу жоспарланған. 

Биыл Шымкент қаласының қақ ортасында орналасқан «Цитадель» ескі қалашағының құрылыс жұмыстары аяқталады деп жоспарланып отыр. Көлемі 5 гектарды алып жатқан нысанда ауа райының қолайсыздығына байланысты археологиялық қазба жұмыстары уақытша тоқтатылған. Цитадель негізінен үш бөліктен тұрады. Ең жоғарғы жағында кезінде басқарушы тап өкілдері жайғасқан болса, одан кейін уәзірлері ал төменгі жағында қарапайым халық өмір сүрген. Туристер легін арттырады деген ашық аспан астындағы мұражай 2019 жылы ЮНЕСКО-ның ерекше тартымды туристік орталығы ретінде тізімге енгізілген. Жалпы қала аумағынан табылған археологиялық заттар мен жазба деректеріне сүйенетін болсақ, Шымкенттің 2200 жылдық тарихы бары анық дейді мамандар. 

Гүлнәр Бекмұратова, қалалық туристік ақпараттық орталығының жобалау менеджері:

- 629 жылы біздің жерімізден, осы өңірден қытайдың буддист монахы Индияға сапарында біздің Шымкенттен өткен. Шымкент деп оның атауы ол кезде атауы Нуджикет деген атауы болған. Сол кезде өзінің жазбаларында Шымкент өте құнарлы жер, сулы. Бұл жерде өте көп жеміс-жидек өседі және жүзімдері өте дәмді екен деп атап өткен.

- Бұл біздің интерактивті тақтамыз. Бұл жерде қаламыздың барлық туристік объектілері бойныша ақпарат алуға болады. Қазіргі таңда бізде 20 нысан енгізілген.

Сонымен қатар Шымкентте екі апта бұрын жаңа туристік ақпараттық орталық ашылды. Ондағы мақсат шет жақтан келген қонақтарға жан-жақты ақпарат беріп ғана қоймай, туындаған мәселелерін шешуге атсалысу. Ең бастысы, үшінші мегаполистің туристік әлеуетін басқа қалаларға тіпті шетелге таныстыру. Орталық сәйкесінше жаңа технологиямен қамтамасыз етілген. Виар көзілдірігі көне шаһардың тарихына үңіліп, виртуалды түрде саяхат жасауға мүмкіндік береді.   

Айдарәлі Раманов,  туристік ақпараттық орталық басшысы:

- Бізде қаламызда «визит Шымкент.кз» деген сайтымыз бар. Ол жерге кіріп, кез келген турист толық қаламыз жайлы ақпарат алады және бізде болып жатқан іс-шараларға шақырту ала алады. Ол шаралар ақылы болатын болса, сол жерде карточкаларымен сатып алады. Онлайн жүйеде барлық біздің туристік нысандар сол жерден де қарап көруге болады.  

Шымкенттің туристік әлеуеті жоғары. Десе де, өткен жылы  пандемия салдарынан олардың саны күрт азайған. Алайда салаға жауаптылар осы бағытта жұмыс істеулерін тоқтатпадық дегенді айтады. Керісінше қиын қыстау уақытта жұмысты жүйелендіріп, 2025 жылға дейінгі жоспарларын бекітіп, бірнеше бағытта дамуды көздеген.

Олжас Шынтаев, қалалық туризм басқармасының басшысы:

- Біздің өңіріміздің тарихын ескере келіп, тарихи-мәдени танымдық туризм, экологиялық туризм және біз қазір жаңа бағыт медициналық туризм жағын дамытып жатырмыз. Бұл үшінші бағыт. Тағы бір бағытымыз ол көршілес Түркістан облысымен бірлескен жұмыс. Өткен жылы біз бірлескен меморандум және де іс-шаралар жоспарын бекіттік.

Әлемді жаулаған індет салдарынан былтыр Шымкентке келетін туристердің саны 14 процентке азайып кеткенін салаға жауаптылар жасырмайды. Енді жоспарлар жүйелі түрде орындалатын болса, Шым шаһарға алдағы 4 жылдың көлемінде миллионға жуық турист келеді деп күтіліп отыр.

Ғалымжан Кенжебеков, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов