Ақтауда фермер жемістің дәмі татитын ешкі сүтін базарға шығарып жүр

Ақтаулық фермер Руслан Жинкин 40-тан астам ешкі бағып, сүтінен сарысу, ірімшік, йогурт жасап саудалап отыр. Шағын кәсіпорында 6 адам жұмыс істейді. Былтырдан бері алма, шырша дәмі шығатын ешкі сүтін жергілікті базарларға жеткізіп келеді. Биылдан бастап апельсин, мандарин, банан секілді экзотикалық жеміс-жидекті  күнделікті мал жеміне қосып бере бастаған.

Фермер Руслан Жинкин күнделікті берілетін жемге цитрус жемістері қосылғалы бері ешкілердің сүтті молырақ бере бастағанын байқапты. Аша тұяқты үй жануарлары әсіресе апельсин, мандаринді сүйсініп жейді екен. Алма мен шырша бүршігін өткен жылдан бері тұрақты беріп отырғанын айтады. Нәтижесінде дәмі өзгеріп, сүттен жеміс-жидектің иісі шыға бастапты. Өз кезегінде тұтынушылардан сұраныс артқан.  

Руслан Жинкин, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Жаңа жыл мерекесінен соң шырша, самырсын ағашын қоқысқа тастамай ешкілерге беріп көрдім. Сүйсініп жегенін көріп, арнайы сатып ала бастадық. Көп ұзамай тұтынушыларымыз ешкі сүтінен шырша дәмінің шығатынын айтып, жиі тапсырыс бере бастады. Апельсин жей бастағасын сұраныс тіптен артты.

Осылайша ерекше дәмді сүт Сексек ата түлігінен сауылып алынады. Жеке кәсіпкер Руслан Тараз қаласының тумасы. Мал шаруашылығына жастайынан араласқан. Асыл тұқымды ешкі өсіру ойы Ақтауға келгесін жүзеге аса бастапты. Қала іргесіндегі шаруашылықта заанен, англо-нубиялық түрлері бағылады. Шөптің шүйгінін, судың тазасын ішетін талғампаз түліктің әрқайсы жылына ең кемі 3-4 лақ туады.

Хасан Разуметов, ешкі фермасының қызметкері:

- Бұл ешкілер күніне екі мезгіл сауылады. Таңертең және кешке 2 литрден көп сүт аламыз. Майлылығы 6-7 проценттен аспайды. Өз кезегінде жаңа туған сәбилердің денсаулығына аса пайдалы. Өздігінен бала емізе алмайтын немесе емізуден арылуды ойлап жүрген аналарға да жеткізіп беріп отырмыз.

Ешкі фермасы орта есеппен тәулігіне 150 литрдей сүт береді. Яғни ірімшік, сүзбе, сарысу, йогурт әзірлеуге де жеткілікті. Фермердің ендігі жоспары түлік басын көбейтіп, өзге аймақтарды да экологиялық таза өніммен қамту. 

Авторлар: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев