Сенаторлар туристік қызмет мәселелері туралы заң жобасын қарайтын болды

Палата төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Бюро отырысы болды.

Онда депутаттар 2021 жылғы 8 сәуірде өтетін Сенаттың алдағы отырысының күн тәртібін талқылады, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Сенаторлар Палатаның алдағы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарайды.

Келісім екі ел арасындағы көші-қон процестерін реттеу жөніндегі мәліметтер алмасуды оңайлатуға мүмкіндік береді. Осылайша, тараптар статистикалық, құқықтық және ғылыми-әдістемелік ақпаратты, сондай-ақ олардың аумағындағы екі мемлекеттің азаматтары туралы мәліметтерді алмаса алады.

Сондай-ақ Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқыға салады.

Елімізде туристік басымдыққа ие ТОП-10 аумақ белгіленетін болады. Егер инвесторлар ол жерлерде туристік объектілердің құрылысын бастауды ұйғарса, онда сол кәсіпкерлерге жеңілдіктер беріледі.

Бюро отырысы барысында Мәжілістен келіп түскен заң жобалары Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.