430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістанда азық-түлік қымбаттады

  • 88
  • UPD: 07:53, 07.04.2021

«Азық-түлік бағасын негізсіз көтергендер жазаланады». Бұл туралы Түркістан облысында «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және негізсіз өсірмеу» мәселесіне арналған жиында айтылды.

Мамандардың мәліметінше, соңғы айларда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасы айтарлықтай өскен. Әсіресе күнбағыс майы мен қанттың бағасы шарықтап кеткен. 

Біз алдымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын білу үшін Түркістан қаласының орталық базарына бардық. «Үйдегі көңіл күйді базардағы нарық билейді» демекші сатушылар мен тұтынушылардың пікірін білдік. 

- Сауда жасап жатырсыз ба?

– Иа!

– Баға қалай қазір базарда азық-түліктің?

- Пісте майдың өзі 4 мың теңге болып қазір. Әр магазин әртүрлі бағаны қойып қойған. 3 мыңнан алып жүргенбіз, қазір 3600. 100 теңгеден қосса да мейлі ғой. Бірден 600 теңге қосқан.

- Бізге фирма әкеледі осындай бағада. Біз қоятынымыз, 5-10 теңге, әрі кетсе 50 теңге қойып сатамыз. Одан ары қоса алмаймыз. Шекер мен пісте май қатты қымбаттады. Қалғандары сол жаңа жылдың алдындағы баға да тұр.

- Қымбаттап кетті. Қатты қымбаттады.

– Қандай түрлері?

– Пістемай, ұн, нан қымбаттап кетті. Сондай продукты жағы өте қымбат.

– Ақша көтеріліп жатқан жоқ, продукты көтеріліп жатыр. Барлық нәрсе қымбаттап кетті. Жолақы да қымбаттап кетті, бензин қымбаттады деп.

– Азық-түлік қой шамалы көтеріліп тұрған бұл жерде. Киім-кешек өз орнында.

– Бұдан 1 ай бұрын жұмыртқаның латогы 1600-1500, ең нашары 1350 теңге еді. Қазір 1260, 1350 теңге болып жатыр. Жайлап түсі жатыр.

– Қайдан аласыздар жұмыртқаны?

– Жергілікті Ораңғайдан келіп жатыр. Қостанай мен Ақмоладан келеді.

Расында да кейбір азық-түлік түрлерінің қымбаттап кеткені байқалады. Оны облыстық Кәсіпкерлік және сауда басқармасы, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті мен тұрақтандыру қорының жауапты мамандары да растап отыр.

Данабек Махатов, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары:

- Азық-түлік бойынша күнбағыс, қант, картоп, тауық етінің бағасы көтерілген. Атап айтқанда қант 4,3, тауық еті 9,2, күнбағыс майы 5,3 пайызға қымбаттап жатыр. Тауық еті бойынша «Инфострой» орта кәсіпкерлік болып саналады. Оған нұсқама берілді. Нұсқама орындалмаған жағдайда тергеп, тексеру жұмыстарын жүргіземіз.

Жауапты сала мамандарының айтуынша, бағаны негізсіз көтергендер жазаланады. Жыл басынан бері осындай 25 жағдай тіркеліп, нұсқама берілген. Кемшілікті елемеген 19 адам жауапкершілікке де тартылған. Облыс әкімдігі бағаны тұрақтандыру мақсатында өңірдегі үш ірі тауар өндірушімен келісімге келді. Бұдан бөлек жақында 350 тоннадан астам күнбағыс майы тұрақтандыру қорына сатып алынады. Сондай-ақ Түркістан қаласының аумағында орналасқан 13 әлеуметтік дүкен мен 5 ірі супермаркетте ұн, қант, картоп, сәбіз, пияз, күріш, макарон, тұз арзандатылған бағамен сатылып жатыр.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы