Forbes: Қазақстанда тағы үш миллиардер пайда болды

Американдық Forbes журналы әлемнің ең бай адамдарының тізімін жаңартты.

Бұл тізімге Қазақстаннан тағы үш миллиардер қосылған.

Олар – Kaspi.kz негізін қалаушылар Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе, сонымен қатар Freedom Finance компаниясының бас директоры, инвестициялық комитетінің директоры Тимур Тұрлов.

Қазақстандықтар арасында көш басында Владимир Ким тұр – 4,6 млрд доллар (әлемдік рейтингте 622-орын). Өткен жылдан бері оның қалтасы 900 млн долларға қампайған.

Екінші орынға (891-орын) Болат Өтемұратов жайғасқан. Оның еншісінде 3,4 млрд доллар бар. Бір жылда табысы 700 млн долларға артқан.

Үшінші орын 3,3 млрд доллар пайда тапқан Вячеслав Кимге бұйырды.

Одан кейінгі сатыға Михаил Ломтадзе орналасты – 2,3 млрд доллар (956-орын).

Ал бесінші орынды (1111-орын) Тимур мен Динара Құлыбаевалар өзара бөліскен – әрқайсысында 2,8 млрд доллардан.

Табысы 2,2 млрд долларға жеткен Тимур Тұрлов (1517) тізімге алғаш рет енді.

Ал әлемдік деңгейде үштік Джефф Безос (Amazon, 177 млрд), Илон Маск (151 млрд) және Бернар Арнодан (Louis Vuitton және Christian Dior, 150 млрд доллар) тұрады.

Бұған дейін Масктің бір күнде 6 млрд долларға байығанын жазғанбыз.