Қызылорда облысында биыл 2 мыңнан астам фермер жеңілдетілген несие алды

Ауыл кәсіпкерлері «Аграрлық несие корпорациясы» қолдау бағдарламаларының тиімділігін көріп отыр. Жыл басынан бері 2 мыңнан астам шаруа жеңілдетілген кредит алып, бизнесін сақтап қана қоймай оны ұлғайтуға мүмкіндік алды. Қызылорда облысы бойынша соңғы 3 айда 4 миллиард теңгеге 83 жоба қаржыландырылды.

Қасапшыларға мал жеткізумен айналысқан Жолдасбек Әлиев 10 жылдан бері өзі түлік өрбітіп келеді. Қызылжарма ауылындағы қора-жайына әуелі сиыр әкеліп байлады, кейін жылқы бақты. Өткен жылы крантиндік шектеулер қатаңдап, дағдарыс бүйірден қысқан кезде шаруа мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, 94 түйе сатып алды. 4 отбасының 10 шақты адамын жұмыспен қамтып отырған шаруа қожалығы күнделікті облыс орталығына 200 литрдей сүт, айран, шұбат жеткізеді.  

Жолдасбек Әлиев, «Тілеуғабыл» шаруа қожалығының жетекшісі:

- Бағдарламаның нәтижесін көріп жатырмыз. Қазір 160 бастай түйеміз бар, қалмақ тұқымдас сиыр алдық 80 бас. Корпорациядан техника мәселесін алдық, сол трактормен шөбімізді жылдағы орып, жинап алып жатырмыз малдың азығына. 

Қазір жоспар-сызбасын іске асыруға ынталы топтың қарасы көбейді. «Қарапайым заттар экономикасы» мен шағын және орта бизнесті қолдауға арналған бағдарламалар аясында мың жарым шаруаның жобасына 74 миллиард теңге бөлінді. 

Руслан Ескендір, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Маркетинг және PR қызметінің жетекшісі:

- Пандемиядан зардап шеккен кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге тырысып жатырмыз. Қазіргі таңда 1874 ауылшаруашылық тауар өндірушісі бағдарламаның тиімді тетіктерін пайдаланды. «Аграрлық несие корпорациясы» тарапынан оларға 7,3 миллиард теңге берілді. 

Ауылдық жердегі бәсекеге қабілетті кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыратын қолжетімді несие жүйесін қалыптастырған аграрлық ұйым осылайша шаруалардың сенімді серіктесіне айналып отыр.  

Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев