Екібастұзда іскер әйелдер қолөнер бұйымдарын өндірумен айналысады

Екібастұзда өз ісін дөңгелетуді ниет еткен әйелдер саны артқан. Өйткені бизнеске қолдау бар. Кәсіпкер әйелдер аяқ киім, сувенирлер мен өзге де қолөнер бұйымдарының өндірісін қолға алған.

Виктория Волошина бала кезінде есту қабілетінен айырылған. Бұған қарамастан азаматша отбасын құрып, бала тәрбиелеуде. Жуырда бизнеспен айналыса бастады. Кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, мемлекеттік грантқа ие болды. Енді көзтартар осындай бұйымдар жасайды.

Виктория Волошина, кәсіпкер:

- Бұл іс өзім үшін қызықты. Шығармашылықпен айналысып, нәпақа тауып жүрген жайым бар. Мен үшін бұл бизнес бір орында тұрмай дамуға да сеп.

Викторияның жолдасы Максим де кәсіпкерлікке бет бұрған. Барынша қолдау көрсетіп, отбасылық бизнесті әрі қарай дамытқысы келеді. Бүгінде өзге де кәсіпкерлерге зор қолдау бар. Мәселен, Екібастұзда шағын индустриалдық аймақ ашылған. Мұндағы өндірістік ғимараттар кәсіпкерлерге тегін ұсынылады. Сонымен қатар бизнес ашу ойынша кеңес беріледі.

Максим Волошин, кәсіпкер:

- Жеңілдетілген несие алуды көздеймін. Құрал-жабдық сатып алмақпыз. Кеңею де керек. Бұл орын тар болса, қосымша ғимарат қажет. 

Мария Қазанбаева аяқ киім тігеді. Еңбекқор жан отандық өнім шығарумен қатар, төрт баланы тәрбиелеп жатқан ана. Бала кезінде аяқ киім шеберханасында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтап алған. Енді сүйікті ісі бизнеске айналды. Азаматша сапалы өнім өндіріп, болашақта аяқ киім фабрикасын ашуды армандайды.

Мария Қазанбаева, көп балалы ана:

- Аяқ киім тігу деген оңай іс емес. Модельдерін ойлап табу керек, шикізат алу кере кдегендей. Сонымен қатар тұтынушылардың талаптарын ескереміз. Тапсырыс бере алады. Көңілдерінен шығуға тырысамыз. 

Ал Ляззат Айтымова тігін цехын ашқан. Жуырда индустриалдық сертификатқа ие болды. Енді жеке ісін кеңейту мүмкіндігіне ие. Алдағы уақытта өнім түрлерін көбейтпек.

Ләззат Айтымова, кәсіпкер:

- Осы цехым 160 квадрат. Жақсы. Бес кісі жұмыс істеп жатыр. Ассортимент болғанда постельное белье, штор, тюль, сосын жаңағы футболка тігіп жатырмыз.

Кеншілер шаһарында әйелдер кәсіпкерлігі қарқынды дамып келеді. Былтыр 300-ге жуық азамат бизнес негіздерін меңгерген. Олардың тең жартысы нәзік жандылар.

Қарлығаш Ракпарова, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының кеңесшісі: 

- Қазіргі уақытта жас кәсіпкерлер арасында гранттық қаржыландыру басталды. Мемлекеттік грант мөлшері 2 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін. Сонымен қатар екібастұздықтар «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының жеңілдіктерін қолдана алады.

Облыста индустриалдық аумақтар аудандарда да ашылуда. Бұл халықты жұмыспен қамтып, бизнес бастамаларды қолдаудың ең тиімді жолы. 

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат