427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Көптеген өңірде жоғары инвестициялық белсенділік сақталып отыр – Ә.Ерғалиев

  • 128
  • UPD: 12:17, 12.04.2021
Көптеген өңірде жоғары инвестициялық белсенділік сақталып отыр – Ә.Ерғалиев

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2021 жылғы қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.

Ел экономикасының жағдайы туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баяндады.

Биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсарғаны байқалуда. Кен өндірісі өнеркәсібін есепке алмағанда, нақты секторда өсу 7,9%-ға дейін жеделдеді, ал негізгі капиталға салынған инвестициялар 34% деңгейде өсті. Жылдық инфляция 7%-ға дейін баяулады.

Нақты сектордың көп салалары тұрақты өсім көрсетті. Олар құрылыс (13,1% өсу), сумен жабдықтау (8,6%), өңдеу өнеркәсібі (7,5%), электрмен жабдықтау (4,9%) және ауыл шаруашылығы (2,8%) салалары. Сонымен қатар ақпарат пен байланыс саласында 9,9% өсім байқалды.

«Соның нәтижесінде жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны осы жылғы қаңтар-ақпандағы минус 2,9%-тен қаңтар-наурызда минус 1,6% дейін жақсарды. Өңдеу өнеркәсібі салаларында өсу қарқынының жеделдеуі байқалады. Серпінді өсу машина жасауда 21,8%, оның ішінде автомобиль құрастыруда – 20,7% белгіленген. Құрылыс материалдары өндірісі 30,1%, химиялық өнімдер өндірісі 14,2%, пластмасса өнімдері өндірісі 22,3%, киім өндірісі 25,8%, жиһаз өндірісі 19,2%, фармацевтика 9,1% өсті. Өңдеу өнеркәсібінде өсудің жоғарылау үрдісі сақталып отыр. Өсім 7,5% құрады», – деді Ә.Ерғалиев.

13 өңір оң өсім көрсетті. Ең жоғарғы өсім бетон, тазартылған алтын және теміржол локомотивтері өндірісінің өсуі есебінен Нұр-Сұлтан қаласында, металл конструкциялар, автобустар мен бетон өндірісінің өсуі есебінен Алматы қаласында, темекі өнімдері мен аккумуляторлар өндірісінің өсуі есебінен Алматы облысында байқалады.

Өңдеу өнеркәсібінде төмендеу 3 өңірде байқалып отыр: бензин, керосин және мазут өндірісінің қысқаруы салдарынан Атырау облысында, болат құбырлар мен профильдер, бензин мен дизель отыны өндірісінің төмендеуі салдарынан Батыс Қазақстан облысында, мақта және табиғи уран өндірісінің азаюы салдарынан Түркістан облысында байқалады.

Ұлттық экономика министрі атап өткендей, көптеген өңірлерде жоғары инвестициялық белсенділік сақталуда. Кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, инвестициялардың орташа өсуі 34% құрады.

Инвестициялардың айтарлықтай өсуін өңдеу өнеркәсібі 2,4 есе, ақпарат және байланыс 63%, ауыл шаруашылығы 55%, көлік 42%, құрылыс 39%, сауда 29% және жылжымайтын мүлікпен операциялар 16% көрсетті.

Күн электрстанциялары мен «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешенін салу есебінен Түркістан облысында; өнеркәсіп нысандарын салу мен өндіріс құрылғыларын алудың өсуі есебінен Шымкент қаласында, тұрғын үй және әлеуметтік нысандар мен инженерлік инфрақұрылым салу есебінен Алматы қаласында ең жоғарғы көрсеткіштер байқалады.

«Құрылыс секторындағы өсу қарқыны жеделдеді. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 13,1% ұлғайды. Көпфункционалды қонақ үй-туристік кешенінің құрылысы бойынша жұмыстардың аяқталуына байланысты Маңғыстау облысын қоспағанда, барлық өңірлер оң өсім көрсетті», – деді Ә.Ерғалиев.

Жоғары өсім Түркістан облысында (2,6 есе) мәдениет және спорт нысандары, көппәтерлі тұрғын үйлер, магистралдық газ құбыры мен көлік жолдары құрылысының ұлғаюына байланысты, Солтүстік Қазақстан облысында (54,5%) денсаулық сақтау, білім беру және ауыл шаруашылығы объектілерін салуға байланысты, Алматы қаласында (44,7%) метро, білім беру объектілерін салу және электр желілерін дамыту есебінен байқалады.

Биылғы қаңтар-наурызда 2,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың кезеңінен 8,6% жоғары. Павлодар облысынан басқа барлық өңірлер оң өсім көрсетті.

Тұрғын үйді ең көп 5,9 есе пайдалануға беру Шымкент қаласында байқалды. Ауыл шаруашылығында 2,8% деңгейінде тұрақты өсім байқалды.

7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлік бөліністегі жалпы жағдай мынадай.

6 көрсеткіш бойынша оң өсім Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалды.

5 көрсеткіш бойынша 6 өңір оң өсім көрсетті. Олар Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласы.

7 өңірде 4 көрсеткіш бойынша өсу тіркелді. Бұл орташа деңгей.

2 өңірде 3 көрсеткіш бойынша оң өсу байқалады.

Бұл ретте сауда бойынша оң аймаққа Алматы облысынан басқа, Шығыс Қазақстан, Атырау облыстары енді.

Қойылған міндеттерді іске асыру үшін орталық және жергілікті атқарушы органдарға экономикалық өсуді ынталандырудың мынадай шараларына назар аудару ұсынылып отыр.

Шағын және орта бизнесті қолдау үшін «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы-2025», «Еңбек» және Ұлттық банктің жеңілдікпен кредит беру бағдарламасы шеңберінде жеңілдікпен кредит беру үшін шағын және орта бизнес жобаларының пулын қалыптастыру қажет.

Инвестициялардың өсуіне жаңа серпін беру мақсатында экожүйелер құру үшін экономиканың басым секторларында ірі компаниялармен белсенді инвестициялық келісімдер жасауды жүргізу қажет.

Агроөнеркәсіп кешеніндегі өсуді жеделдету үшін қолда бар ресурстар мен құралдарды тиімді пайдалана отырып, көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы жүргізуді қамтамасыз ету қажет.

Бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру жөніндегі жол картасының уақытылы және толыққанды орындалуын қамтамасыз ету қажет.

Жұмыспен барынша қамтуды қамтамасыз ету үшін өңірлік еңбек нарықтарындағы ахуалға тұрақты мониторинг жүргізу қажет. Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында тұрақты жұмыс орындарын құруға басты назар аударылады.

Ақпарат көзі: primeminister.kz

Хабар 24 телеарнасы