427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Наурыз айында ел тұрғындары 2900-ге жуық алтын құйма сатып алды

  • 126
  • UPD: 09:55, 13.04.2021
Наурыз айында ел тұрғындары 2900-ге жуық алтын құйма сатып алды Kapital.kz

2021 жылдың наурыз айында қазақстандықтар екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пункттерінен жалпы салмағы 48,2 кг 2 898 құйма сатып алды.

Ұлттық банк халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын 2017 жылы қолға алған болатын. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бері жалпы салмағы 1,79 тонна құрайтын 50 200 алтын құйма сатылды.

Ұлттық банктің баспасөз қызметінің мәліметінше, алтын құймалардың бес түрі ұсынылған: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасы іске асырылғалы халық арасында ең көп сұранысқа ие болғаны – 10 грамдық құйма.

Жалпы сатылымдағы оның үлесі 30% – 15 184 дана. Одан кейін 20 грамдық құйма – 10 976 дана (22%) және 100 грамдық құйма – 10 964 дана (22%), 5 грамдық құйма – 7 305 дана (15%), 50 грамдық құйма – 5 771 дана (11%). Негізінен өлшенген құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында сұранысқа ие.

Алтын құймалар сенімді инвестициялық құрал бола алады. Банктер мен банктік емес айырбастау пункттерінің клиентке ақшасын төлеп, құймаларды «күнбе-күн» сатып ала алатын мүмкіндігі – алтын құймалар нарығының өтімділігін қамтамасыз етуде негізгі факторға айналып отыр. Бағдарлама іске қосылған уақыттан бері жалпы салмағы 3,75 кг өлшенген тек қана 141 құйма сатып алуға қабылданды. Бұл, әрине, алтын құймалардың ұзақ мерзімді инвестициялау мен жинақтау құралы болып табылатынына байланысты.

Әр құйма қорғаныс элементтерімен (құймалардың айна беті, микротекст және рельефтің шеті), құймаларды механикалық зақымданудан қорғайтын және пакеттің ашылған-ашылмағанын тексеруді жеңілдететін арнайы қаптамада шығарылады. Қорғаныс қаптамасы, сонымен қатар, құйманың сапа сертификаты бола алады. Сондықтан құйманы сақтағанда мұқият болып, ораманы ашпаған жөн.

Қазіргі уақытта алтын құймаларды Halyk Bank-те, Еуразиялық банкте, Jusan Bank-те, Банк ЦентрКредитте, сондай-ақ банктік емес айырбастау пункттерінде сатып алуға және сатуға болады.

Хабар 24 телеарнасы