Мәскеуде жүк тасымалына арналған ірі көрме өтті

Мәскеуде ұзаққа созылған карантиннен кейін алғаш рет көлік-логистикалық қызметтер мен технологияға арналған «Транс-Раша» (TransRussia) көрмесі өтті.

Осымен 25-рет ұйымдастырылып отырған ауқымды шараға әлемнің 23 елінен 200-ден астам компания өкілдері қатысты. Көрмеде көлік, темір жол, теңіз және әуе тасымалдау салаларының барлығы қамтылған. Осы салалардың ішінде індеттен туған дағдарысқа теміржол саласы төзімді болып шыққан. Егер коронавирустан әуе арқылы тасымалдау құны 6-8 есе өссе, теңіз арқылы жеткізу бағасы 10 есе артқан. Осындай жағдайда Қытай мен Еуропа арасындағы теміржол жеткізілімі Еуразиялық кеңістіктегі экономиканың қайта жандануына әсер еткен негізгі салаға айналған. 

Тимур Қарабаев, ҚР Темір жол және инфрақұрылым саласындағы компаниялар тобының өкілі:

- Коронавирус індеті жаңа нарықты, жаңа өнімдер мен мүмкіндіктерді іздеу қажеттігін көрсетті. Биыл Қазақстан мен Қытай шекарасындағы «Достық» станциясында жүкті ауыстырып тиейтін алғашқы жекеменшік коммерциялық құрылыс аяқталады. Бұл Қазақстан-Қытай шекарасындағы құрғақ порт салу жобасының бір бөлігі.