Қазақстанда темекі өнімдеріне цифрлық таңба басылып жатыр

Былтыр елде темекі өнімдерінің көлеңкелі экономикадағы айналымы 15 миллиард теңгеден асып кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нарық ашық болуы үшін осы орайда цифрлық таңба септігін тигізбек. Бұл бағыттағы жаңа ережелер былтыр күзде қабылданған. Бірақ кейбір кәсіпкер техникалық проблемалар барын айтқан. Қазір қалай?

Блиц:

- Мен қазір бір темекі өнімін аламын және оны штрихкодымен кассалық аппараттан өткіземін. Одан кейін менен QR-код сұрайды. Сигареттің QR-кодын қолдағы сканерден өткізгеннен кейін экранда атауы және бағасы шығады. Төлем жасалады. Чек шығады.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Темекі өнімдері енді осылай жаңа цифрлық таңбамен сатылуы тиіс. «Көлеңкелі айналымға жол берілмейді», - дейді мамандар. Барлық мәлімет арнайы код арқылы тауарларды таңбалаудың және қадағалаудың ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Жаңа қондырғыларды орнатқан кезде кейбір дүкенде техникалық ақау болған. Операторлар «мұның бәрі кассалық аппаратта жаңартудың болмағандығынан немесе жабдықтың сапасыз болуынан» дейді. Егер темекіні Data Matrix кодымен өткізгенде техникалық проблема болып жатса, кәсіпкерлер цифрлық таңбалау бойынша жедел желіге хабарласа алады.

Қазірдің өзінде көптеген сауда орнына жаңадан 2D сканері орнатылған. Ол арнайы цифрлық кодты лезде сканерлеп береді. Мұндай аппараттар үлкен сауда үйлерімен қатар аулалардағы кішігірім дүкендердің өзіне қойылып жатыр. Бірақ сөрелерде арнайы таңба басылмаған темекі өнімдері де тұр. Не істемек керек?

Анар Кәрібаева, қалалық мемлекеттік кірістер департаменті басқармасы бөлімінің бас маманы:

- 2021 жылдың бірінші қазанына дейін ескі таңбамен қойма, дүкен сөрелерінде тұрған темекі өнімдерін сатып үлгеру керек. Яғни, ол үшін былтыр бір жыл уақыт берілген. Әзірге айыппұл жоқ.

Жаңа ережеден соң жарты жылдың ішінде шамамен 600 миллион қорап темекіге арнайы жаңа таңба басылған.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Ерлан Наурызбаев