Ұлттық тағамдар өндіретін шығысқазақстандық кәсіпкер қаржылай қолдауға зәру

Ұлттық тағамдар өндіретін кәсіпкер ісін кеңейтуге қаржы таппай жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірлік Мамырбек бидай, тары, талқан өнімдерінен түрлі ас-ауқат әзірлейді. Қазір табиғи тағамға деген сұраныс артқан. Әсіресе, індет кезінде жұрт жейтін асына мән бере бастады. Дәруменге толы тағамдарға Қытай, Еуропа, Түркия елдері де қызығушылық танытып жатқан көрінеді. Қазір біреудің босағасын жалдап отырған кәсіпкер 100 адамға жұмыс беретін жаңа зауыттың жобасын дайындаған. Бірақ қаржы мәселесі қолын байлап отыр.

Карантиндік шектеулер көптеген кәсіп түрлерін тоқтатқанмен, Бірліктің осыдан 2 жыл бұрын ашылған жұмысына бөгет болған жоқ. Керісінше, қазақтың ұлттық тағамдарына сұраныс артып, еңбегі ширай түсті. Ал мұның бәрі ата-бабамыздан аманат болып қалған мұраны қайтсем биікке көтерем деген намыстан туған бастама еді. Өйткені дүкен сөрелерін өзгенің таңсық дүниесі басып кеткеніне қапаланды.

Бірлік Мамырбек, кәсіпкер:

- «Рухани жаңғыруды» қазір ешкім көп біле бермейді. Соған бүгін мына індетіміз соны бізге себеп болды да, сол «Рухани жаңғыруды» түсінуімізге, ұлттық құндылықтарымызды білуімізге. Біздің ұлттық өнімдеріміз неге сөреге шыға алмайды, неге босағада тұрады? Неге стақанмен сатылады, намыстандым ғой, неге шығармасқа?! Сөреге шығарсақ, Еуропаның тауарымен, орыстың тауарымен болмаса мына Қытайдың тауарымен неге бәсекелес болмасқа?! Біздің қазақтың тамақтануы өзі үлкен ғылым ғой.

Қазір Бірлік жергілікті 10 адамға жұмыс беріп отыр. Күніне бидай, тары, арпа сияқты дәнді дақылдардан бір тонна өнім өндіреді. Әттең, өз ғимараты жоқ, әйтпесе, кәсіпті кеңейтуге ынтасы зор. Арманы – әр қазақтың дастарханында шетелдің химиялық қоспаға толы жылтырағы емес, өзіміздің ұлттық тағам тұрса деген тілек.

Сабыр Әндірбаев, Зайсан аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Құжаттарын дайындасып, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен Өскемен қаласына барып бірге екінші деңгейлі банктерден 40 миллион несие алуға жұмыс жүргізіп жатыр. Онымен қатар 20 миллион теңгеге тағы да өздерінің айналым қаражаттарын толықтырып, шикізат алуға несиеге құжаттарын өткізді. Жақында несие қаражаты шешіліп, несиелерін алады деп отырмыз. Бұл кісіміздің ендігі жоспары бүгіл ауданда егілетін тары, бидай, арпа тұқымдарын, өнімдерін түгел сатып алуға, халыққа егіңдер, жұмыс жүргізіңдер деп отырмыз.

Жігерлі жігіттің жаңа жобасының құны 200 миллион теңге. Қосымша 100 адамға жұмыс беріп, өндіріс қуатын 10 есе арттырғысы келеді. Аудан әкімдігі жаңа зауыт салуға бір гектар жер бөліп беріпті. Ал несие алудың жыры тым ұзаққа созылып барады. Ол қаражат қолға тигеннің өзінде жоспарды толық жүзеге асыруға жетпейді екен.

Бірлік Мамырбек, кәсіпкер:

- Ол енді маған әрине аздық етеді. Ол менің шикізатыма жетпейді ертең, бүкіл өнімдеріме, ыдыстарына жетпейді шынын айтқан кезде. Ар жағынан мемлекет жағынан қолдау болса. Өзіміздің асымызға Қытай елінде сұраныс өте жақсы, Еуропа, Түркияға шығаруға болады. Бүкіл түркі халықтарына өзбек, қырғызымыз бар, тәжік бар, түрікмен бар, бәріне шығаруға болады. Өйткені сенімдімін, бұл қазақтың ата-бабамыздың асы ғой, барлығы жейді деп ойлаймын.

Бірліктің жобасы жүзеге асса, көрші аудандардың экономикасына да ықпал етпек. Яғни, шикізатқа сұраныс артып, егістік алқаптары ұлғаяды деген сөз.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы