Экономиканың креативті секторын дамыту мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті

Креативті индустрияны дамыту тұжырымдамасын Үкімет әзірлейтін болады.

Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Экономиканың креативті секторын дамыту жөніндегі жұмыс тобының отырысы кезінде белгілі болды, деп жазды primeminister.kz.

Осы жылғы 1 тамызға дейін әзірлеу жоспарланған құжатта мемлекеттің креативті кәсіпкерлікті дамыту, шығармашылық өнімдерді экспорттық нарыққа шығару, шығармашылық индустрия үшін кадрларды даярлау және қайта даярлау, дарынды қазақстандықтарды қолдау, зияткерлік меншікті басқару және өзге де шаралар көрініс табатын болады.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Үкіметке креативті экономиканы дамытудың негізгі тәсілдерін әзірлеуді тапсырған болатын, ал 17 наурызда Алматы қаласын одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте оны нормативтік-құқықтық реттеуді пысықтау қажеттігі туралы айтты.

Тұжырымдама халықаралық ұйымдармен, азаматтық қоғаммен, бизнес өкілдері және сарапшылармен бірлесе отырып жасалады. Шығармашылық индустрияларды дамыту жөніндегі жобалық кеңсенің жетекшісі Данат Жуминнің айтуынша, ЮНЕСКО мен Британдық кеңестің, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП, Қазақстанның шығармашылық кәсіпкерлер қауымдастығы, Түркітілдес елдердің шығармашылық индустриялары қауымдастығы, Алматы қаласының шығармашылық индустрия кеңесі, Women in Creative Industries, Еуразиялық іс-шаралар қауымдастығы отандық Juzz Entertainment (Ninety One, Alba, Dna) лейблы, Жайдарман қазақ КВН лигасы бірлесе жұмыс істеуге ниеттерін білдірді. Сонымен қатар құжатты жазуға шығармашылық одақтарды, өндірістік орталықтарды, танымал сәулетшілерді, суретшілерді, қолөнершілерді, музыканттарды және шығармашылық нарықтың басқа қатысушыларын тарту жоспарланып отыр.

Британдық кеңестің мәдениеті мен креативті экономикасы бойынша жобалардың жетекшісі Галина Корецкая Үкіметтің шығармашылық секторды дамытуға деген көзқарасы осы саладағы халықаралық сарапшылардың ұсыныстарына толық сәйкес келетіндігін және қазақстандық тәжірибе тек қана Орталық Азия елдері үшін ғана емес, сонымен қатар басқа дамушы елдер үшін де үлгі бола алатынын атап өтті.

Өз кезегінде Шығармашылық кәсіпкерлер қауымдастығының басқарма төрағасы Ернар Құрмашев ел Үкіметіне шығармашылық индустрияларға көңіл бөлгені үшін алғыс айтты. Оның пікірінше, бүгінде шығармашылық кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау бұрынғыдан да көп қажет. Пандемияға байланысты шектеулердің салдарынан ондаған шығармашылық бизнес қатты зардап шекті.

«Егер мемлекет бізге сеніп, шығармашылық адамдарға қолдау көрсететін болса, онда біз бірнеше жыл ішінде осы саладағы өнімдердің экспортын кем дегенде 5 есе көбейтіп, ел экономикасының дамуына зор үлес қоса аламыз», – деді Е.Құрмашев.

Жұмыс тобының бірінші отырысын қорытындылай келе премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов креативті экономиканың дамуы бірқатар кең ауқымды мәселелерге әсер ететіндігін және тыңғылықты жұмысты қажет ететіндігін атап өтті және министрліктер мен әкімдіктерге бірқатар нақты тапсырма берді.