427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

2021 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер мен бюджет болжамы нақтыланды

  • 127
  • UPD: 11:51, 20.04.2021
2021 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер мен бюджет болжамы нақтыланды

Бүгін премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев 2021 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер мен бюджеттік параметрлер болжамының нақтылануын таныстырды.

Министр түсіндіргендей, макрокөрсеткіштер болжамы ел экономикасының өсуі жөніндегі жедел деректерді, мұнай нарығындағы оң үрдістерді ескере отырып, сондай-ақ әлемдік экономиканың өсуіндегі болжам негізінде нақтыланды, деп хабарлады ҰЭМ баспасөз қызметі.

«ЖІӨ өсу қарқыны қаңтардағы минус 4,5%-тен бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша минус 1,6%-ке дейін жақсарды», - деді Ә.Ерғалиев.

Жыл басынан бері мұнайдың орташа бағасы барреліне 61 долларды құрады. Бұл ретте 2021 жылға арналған мұнай бағасы бойынша МҚҰ болжамы барреліне 44 доллардан 67 долларға дейін құбылады. Макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 50 доллар деңгейінде айқындалды.

Ұлттық экономика министрлігі басшысының айтуынша, ел экономикасының өсу болжамы 2,8%-тен 3,1%-ке дейін жақсарды. Номиналды ЖІӨ 77,8 трлн теңге көлемінде бағаланады.

Өңдеу өнеркәсібіндегі болжамдық көрсеткіштер 4,1%-тен 5,2%-ке дейін, құрылыста 2,5%-тен 5%-ке дейін, ақпарат пен байланыста 3,8%-тен 6,5%-ке дейін жақсарды.

Бұдан басқа, түзетілген макроэкономикалық көрсеткіштер негізінде 2021 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланды. Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 2021 жылы 7 204 млрд теңге көлемінде бағаланады. Бұл бекітілген жоспардан 279 млрд теңгеге жоғары. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт өзгермей, 2 700 млрд теңге мөлшерінде сақталды. Ұлттық қордан бөлінген нысаналы трансферт 1 000 млрд теңгеден 1 850 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.

«Республикалық бюджет шығысы 15 334 млрд теңге көлемінде болжанып отыр. Бұл бекітілген көрсеткішке қарағанда 1 285 млрд теңгеге артық. Бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге қатысты 3,5% деңгейінде болжануда», - деді Әсет Ерғалиев.

Хабар 24 телеарнасы