Қостанай облысында жұмыртқа мен күнбағыс майы 3 ай бойы бір бағада сатылады

Қостанай облысында жұмыртқа мен күнбағыс майының бағасы үш ай бойы өзгеріссіз қалады. Себебі әлеуметтік азық-түлік санатына жататын осы екі өнім соңғы уақытта он бес процентке қымбаттап кетті.

Бір апта бұрын бірінші санаттағы тауық жұмыртқасының он данасы 440 теңгеге саудаланып, тұрғындардың наразылығын тудырған. Енді құны 90 теңгеге арзандады. Күнбағыс майы да келесі аптада жаңа бағамен сатылады. Рафинадталған майдың литрі 601 теңге боп белгіленді. Аймақтағы бағаны тұрақтандырып, реттеуге шамамен бір жарым миллиард теңге бөлініп отыр.

Жанар Балтабаева, ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Жергілікті атқару органдары әлеуметтік маңызы бар тауарларға апта сайын бақылау жүргізеді. Яғни шекті бағасын назарда ұстап отырады. Егер тұрғындар шағымданып баға себепсізден көтерілсе, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қаралған. Заң бұзушылық қайталанса, айыппұл екі есе өседі.