Пандемия кезінде матрасқа сұраныс артты

Павлодарда алғаш рет синтепон өндірісі іске қосылады. Бұл үшін матрас шығаратын жергілікті кәсіпорын арнайы құрал-жабдықтар сатып алған. Пандемия адамдардың өмір сүру салтын ғана емес, нарық сұранысын да өзгертті. Өткен жылы ковидті пневмония өршіп, провизорлық госпитальдар ашылған кезде төсек жабдықтарына сұраныс артқан. Нарық талабына орай бизнес те жаңа бағытқа бет бұрды.

Синтепон - матрас жасауға қажетті ең басты шикізат. Бұған дейін өнімді Қостанайдан сатып алған кәсіпорын биыл мемлекеттік қолдауға ие болды. Жуырда  синтепон өндіру желісі алынды. Бұл  басқа компаниялардың өніміне тәуелділіктен арылтып, өнім көлемін арттыруға мүмкіндік берді.

Дархан Ермағамбетов, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:

- Жалпы кредит сомасы 150 миллион. «Даму» қорымен 50 пайыз мөлшерінде кепілдік берілді және осыған қоса субсидиялау арқылы пайыздық мөлшерлеме кәсіпорын үшін 6 пайызды құрайды. 

Бөлінген қаржыға белгілі бір пластмасса түрінен кез-келген өнімді шығаруға мүмкіндік беретін термопласт жабдығы алынды. Бұл шикізатты қыздырып, сұйық күйге келтіріп, қысыммен қалыпқа жеткізетін құрылғы. 

Александр Вайвод, өндіріс басшысы:

- Бұдан бөлек біз серіппелер мен жиһаз жасауға қажет заттарды жасаймыз. Бір айда шамамен 3 мыңдай матрас жасалады. Бүгінгі таңда 35 адамды жұмыспен қамтып отырмыз.

Мамандар төсек жабдығына сұраныс әсіресе пандемия кезінде артқанын айтады. Ол өндіріс көлемін арттыруға тың серпін берді. Тапсырыс Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Ақмола облыстарынан түскен. Ал жаңа  өнім  синтепон өндірісі Қазақстанмен қатар көрші Өзбекстан елінің де  сұранысын жаппақ.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат