Қостанай облысында сұйытылған газ тағы қымбаттады

Жанармай құю станциялары көгілдір отынның бір литрін 83 теңгеден сатып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Энергетика министрлігі әлеуметтік газды сатып алуға бөлінген квотаны қысқартқан, бағаның тұрақсыздығы осыған байланысты» - дейді жекеменшік станция қожайындары. Жыл басынан бері құны 18 теңгеге қымбаттаған газ бағасы әлі де өсуі мүмкін. 

Жанармай құю станцияларындағы сұйылтылған газдың бағасы биыл екі рет жаңартылды. Наурыз айынан бастап 10 теңгеге қымбаттап, 75 теңгеге босатылған. Қазір үстінен тағы 8 теңге қосып отыр.

Базар Сейдалин, жанармай құю бекетінің қызметкері:

- Бүгінгі ауысымға келсем 83 теңге. Аяқ астынан бірден көтерілген. Енді бүгін бензин де, газ да көтеріліп жатыр.

Газ бағасының көтерілуі Хайдар Айдаболовтың кәсібіне ауыр тиді. Ол жүк тасымалымен айналысады. Көлігі газбен жүреді. Енді шығынды жабудың қамымен қызмет түрін қымбаттатуға мәжбүр.

Хайдар Айдаболов, жүк тасымалдаушы фирманың өкілі:

- Көбісі газбен жүреді ғой. Такси, маршруткалар. Біз тасымалмен айналысамыз. Сол қиын боп жатыр. Тасымалдың бағасы көтерілетін шығар.

Юрий Зворыгин, қала тұрғыны:

- Адамдарға ешқандай мүмкіндік қалмады қаржы үнемдеуге. Бензин қымбат болғасын көлігі барлардың көбі арзан ғой деп газға көшті. Енді оны да қымбаттатып жатыр. Қалай күн көруге болады?

«Қымбатшылыққа біздің қатысымыз жоқ», - дейді газды бөлшек бағамен саудалайтындар. Бәрін нарық басқарады. Ірі операторлардың болжамы бойынша көгілдір отынның құны әлі шарықтай түседі. Бұған бағасы бірқалпында сақталатын әлеуметтік газ үлесінің қысқаруы себеп.

Аллаберген Оразымбетов, Сұйытылған газ кәсіпорнының директоры:

- Энергетика министрлігі электронды сауда арқылы сатып алынатын газ бағасын кезең-кезеңімен көтеру тәртібін енгізді. Сәуір айында коммерциялық мақсаттағы көгілдір отынның үлесі 35% болып тұр. Қалғаны әлеуметтік газ. Коммерциялық газдың ауқымы ай сайын 5%-ке артады. Келер жылы 80%-ін электронды биржадан алуға тура келеді. Ал оның бағасы әлеуметтік түріне қарағанда екі есе қымбат. Қымбатшылық мұнымен тоқтамайды.

«Егер зауыттар газдың босату құнын көтермесе, көгілдір отынның литрі жыл соңында 100 теңге болады», - деген болжам айтады көтерме саудагерлер. Егер жағдай реттелмесе, құны 130-140 теңгеге жетуі мүмкін.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров