Қарағандыдағы шұжық зауыты экспортты 50% арттыруды жоспарлап отыр

Қарағандыдағы «Тұлпар» зауыты енді Ресейге экспорт көлемін 50%-ке ұлғайтып, ел ішіндегі бірнеше өңірді де қамтитын болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Компания Сауда және интеграция министрлігі, «Бәйтерек» холдингінің және «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясының қолдауымен шетелдік серіктестер қатарын көбейткен. Пандемия кезінде зауыт штат санын сақтап қана қоймай, өндіріс қуатын кемі 10 есеге арттыруды жоспарлап отыр. Осы мақсатта техникалық құрам жаңартылып, модернизациялық жұмыстар жүргізілген.

Қазір Қарағандыдағы зауыт айына 20 тоннадан астам өнім шығарады. Компания тұтынушыға шұжықтың 70 түрін ұсынады. Бұл шекті меже емес, алда ассортиментті кеңейту үшін тағы бірқатар жұмыстар жүргізілмек.

Роман Гуссамов, «Ақорда Capital» ЖШС бас директоры:

- Шұжықтың элиталық сорты бүгінгі күні Ресейге экспортқа шығарылып жатыр. Көбіне РФ орталық округтерін қамтимыз. Сынақ ретінде Сібірге де жіберіп көрдік. Қазір біз Батыс – Қазастан облысында ет комбинатын іске қостық. Онда ірі қараны өзіміз өсіріп, етін өңдейміз. Ондағы технологияның барлығы еуропалық стандартқа сай келеді. Биылдан бастап өндірістің 90%-і өзімізден шығарылады.

Мұнда өнімнің табиғилығын сақтап қалуы маңызды. Шикізат сапасын бақылау үшін кәсіпорын штатында арнайы мал дәрігері мен жабдықталған зертхана бар.

Алевтина Гареева, «Тұлпар» ЖШС коммерциялық директоры:

- Бізді бәсекелестерден ерекшелеп тұрған артықшылық – ол тек табиғи өнім қолдануымызда. Біріншісі ол кәдімгі бұқтырылған ет. Онда еттің арасындағы сіңір мен өзге де қалдықтар сырылып алынады. Ал, пайдалану мерзімі тек сыртқы қаптама есебінен ұлғайтылған. Яғни бұл технология арқылы шұжықты ұзақ уақыт өз дәмінде сақтауға болады.

Құрылғылар ортанылған соң зауыт толық қуатта, яғни, айына 1 200 тонна өнім өндіретін болады. Сондай-ақ мұнда жартылай фабрикаттар мен қаптама жасау жүйесі іске қосылмақ. Кәсіпорын экспорттық потенциалды ұлғайтуды көздеп отыр. Клиенттік базаны кеңейтуге «KazakhExport» сақтандыру компаниясы көмектеседі.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев