429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ЕЭК кеңесі Қазақстанның құрылысқа байланысты техникалық регламент әзірлеу ұсынысын мақұлдады

  • 221
  • UPD: 17:15, 24.04.2021
ЕЭК кеңесі Қазақстанның құрылысқа байланысты техникалық регламент әзірлеу ұсынысын мақұлдады Inbusiness.kz

2021 жылғы 22-23 сәуірде бейнекөпір режимінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ә. Смайыловтың төрағалығымен Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің (Кеңес) кезекті отырысы өтті.

ЕЭК Кеңесінің мүшелері ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің сауда-экономикалық ынтымақтастығы, кедендік және техникалық реттеу, халықаралық ынтымақтастық, ЕАЭО-ның цифрлық күн тәртібі, санитариялық және фитосанитариялық шаралар, энергетика және ЕАЭО-ның ішкі нарықтарының жұмыс істеуі жөніндегі мәселелерді қарады. Атап айтқанда, ЕАЭО аудиторлық қызметтерінің бірыңғай нарығын қалыптастыру мақсатында ЕАЭО шеңберінде аудиторлық қызметті жүзеге асыру туралы Келісім жобасы мақұлданды. Келісім жобасы мүше мемлекеттердің тұлғаларына аудиторлық қызметтерді шектеусіз және алып тастауларсыз жеткізу және алу құқығын беруді көздейді, мүше мемлекеттерде аудиторлық қызметті жүзеге асыру мен реттеудің бірыңғай тәсілдерін айқындайды.

ЕАЭО-ға қатысушылардың барлығы ағымдағы экономикалық дағдарыстың салдарын тезірек еңсеруі және экономиканың озыңқы даму траекториясына шығуы мақсатында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің 2021-2022 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағдарлары мақұлданды. Қойылған мақсаттарға қол жеткізудің бірінші кезектегі бағыттары макроэкономикалық тұрақтылық және кәсіпкерлік белсенділікті қалпына келтіру, инвестициялар көлемін ұлғайту және т.б. үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыру болуға тиіс. ЕЭК Кеңесінің мүшелері өнеркәсіп саласын, атап айтқанда, бөлінген энергетиканы, электр энергиясын тұтыну орнына тікелей жақын жерде дербес өндіруге қабілетті жаңартылатын энергия көздері объектілерін дамытуға ықпал ететін мемлекетаралық бағдарлама жобасын әзірлеуге бастама берді.

Ішкі нарықтағы қант бағасын тұрақтандыру мақсатында ЕЭК Кеңесі 2021 жылғы 15 мамырдан 30 қыркүйекке дейінгі кезеңде қантты бажсыз әкелуге квота бекітті, Қазақстан үшін квота мөлшері 134,4 мың тоннаны құрайды. Бұл ішкі нарықтағы қант тапшылығын болдырмауға, қант бағасының деңгейін тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Қазақстан мен Беларусь тараптары тараптардың уәкілетті органдарына алдағы айларда Қазақстанға қант жеткізу мәселесін пысықтауды тапсырды. ЕЭК Кеңесі «Құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігі туралы» бөлек техникалық регламентті әзірлеу туралы Қазақстанның бастамашыл ұсынысын мақұлдады. Бұл ұсыныс, бірінші кезекте, өндірілген құрылыс өнімдерінің (материалдар мен бұйымдардың) ЕАЭО кедендік аумағы бойынша кедергісіз орын ауыстыруын қамтамасыз етуге бағытталған. ЕЭК Кеңесінің мүшелері ЕАЭО шеңберінде темекі және алкоголь өнімдеріне таңбалауды енгізудің орынсыздығы туралы шешім қабылдады. Мұндай шешім осы тауарлардың өндірісі мен айналымының ерекшеліктеріне, соның ішінде оларға акциздер мөлшерлерінің айырмашылығына байланысты. Коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күресу үшін ЕЭК Кеңесі бірқатар тауарларды бажсыз әкелу мерзімін 2022 жылғы 30 маусымға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Аталған тізбеге дәрілік заттар, жеке қорғаныш құралдары, сондай-ақ оларды өндіруге арналған шикізат, вакциналар, медициналық аппараттар және медициналық мақсаттағы өзге де тауарлар енгізілген. ЕЭК Кеңесінің отырысы сындарлы түрде және өзара түсіністік жағдайында өтті.

Қаралған барлық мәселелер бойынша өзара тиімді шешімдер қабылданды, олар ЕАЭО шеңберінде интеграциялық процестерді одан әрі дамытуға бағытталған. Күн тәртібінің жекелеген мәселелерін тараптар ағымдағы жылдың мамыр айына жоспарланған Кеңестің кезекті отырысында қарауға келісті.

Хабар 24 телеарнасы