Халықтың отанымызда демалуға ең көп барғысы келетін жері белгілі болды

Коронавирус індетінің кесірінен былтыр отандық туризм саласы 200 миллиард теңге жоғалтты. Сол себепті биыл «Қазақ туризм» компаниясы келтірілген залалдың орынын толтыруға бел буды. Жақында 10 аймақта құны 70 миллиард теңгені құрайтын 70 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру көзделген. 

Ерболат Шадрахов 30 жыл бойы фотограф болып жұмыс істеп келеді. Ол жұмыс бабымен еліміздің барлық өңірлерін аралап, керемет суреттер түсірген. Мәселен, мына туынды Маңғыстау облысындағы  жасалған.

Ерболат Шадрахов, фотограф:

- Облыс орталығы Ақтаудан алыс болғаннан кейін біз ерте шығып, осындай ауа райына бару үшін біраз жол жүрдік. Шаршап барғанымызбен табиғаттың осындай құбылысы болып, жақсы суреттер алдым.

Кәсіби фотограф бүгінде бүкіл елге танылған көрікті жерлерді алғаш болып аралағандардың қатарында. Айтуынша, Қазақстанның туристік әлеуеті зор. Тек оны қалың жұртқа көрсете білу қажет.

Ерболат Шадрахов, фотограф:

- Қазақстанның әдемі жерлері көп. Жер шарында жақсы орналасқан, таулар да бар, жазық далалар бар, шөлдер, шөлейттер бар. Осы жерлерді араладым. Өте керемет жерлер. Барған сайын таңқалып тұрамын. Бір жерге бірінші рет барсам, екінші рет түсіруге барсам, ол жерлер түрлі құбылып тұрады.

Былтыр пандемия салдарынан туризм саласының дамуы біраз тежелді. Статистикаға сәйкес, Қазақстанға келген 2 миллион шетелдіктің 200 мыңы ғана елді аралап, демалыс орындарына барды. Жағдайды реттеу үшін мамандар бірқатар шараны қолға алмақ. 2025 жылға дейін Алакөл, Балқаш, Баянауыл, Имантау-Шалқар сынды 10 бағытты дамытуға басымдық беріледі. Ал саладағы туроператорларға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсету жоспарда бар. Ал коронавирус дертінен айығып шыққандар үшін 10 шақты шипажай қызмет көрсетуге дайын.

Ернұр Кенжебеков, «Kazakh Tourism» компаниясының баспасөз хатшысы:

- 2019 жылдан бері бүгінгі күнге дейін 54 инфрақұрылымдық жоба асырылды. Оның қаражаты 61 миллиард құрады. Осы жыл бойы топ 10-ға кірген 70 жоба жүзеге асырылады. 70 миллиард қажет етеді. Постковидтік оңалту жүйелері бар нысандар арнайы бекітіліп, топ 10 санаторлық-курорттық нысандар бекітілді.

Ал отандастарымыз елдің қай өңірге барғысы келетінін білу үшін арнамыздың әлеуметтік желідегі парақшасында көрермендері арасында сауалнама жүргіздік. Оның нәтижелеріне сәйкес Алматы облысы көш бастап тұр. Әсіресе Қайыңды мен Үлкен Алматы көлдері жоғары сұранысқа ие. Тізімдегі 2-орынға Баянауыл аймағы жайғасты. Қалғаны Шарын шатқалы мен Алакөлге баруды жоспарлап отыр.

Дариға Ташенова, Ирина Мищенко, Марат Диханбаев, Ерзат Зайытхан