СҚО: Саумалкөл ауылының тұрғыны кедергісіз кәсіп ашудың жолын тапты

Ауыл тұрғындарының кәсіппен айналысуына кепілдік мәселесі кедергі. Мүліктің жоқтығынан жұрттың көбі жеңілдетілген несиеден қағылады. Саумалкөл ауылының тұрғыны Оңдасын Батжанов та осындай қиындыққа тап болған.

Арнайы техника алғысы келген еді. Банкке  қоятын кепілдігі жоқ. Жылқы шаруашылығымен айналысатын іскер азаматқа енді қандай көмек көрсетілді? 

Ауылда бизнес ашу оңай емес. Өз ісін енді бастайтын кәсіпкердің қаржысы болмайды. Несие алайын десе мүлкі жоқ. Бірақ Саумалкөл ауылының тұрғыны Оңдасын Батжанов жолын тапты. Ол үшін ауыл шаруашылығын қолдау қоры кепілдік берді.

Оңдасын Батжанов, жеке кәсіпкер:

- 11 млн 200 мыңға шықты. Сол қоятын залог болмай, фонд финансовой поддержки кепіл болып, сол кісілер выступать етіп, сеніп, тракторды алуға көмектесті. Көп көмек ғой ол. Менде залог болмаса мен бұл тракторды ала алмаймын. Үмітім үзіліп отырар едім тракторсыз. 

Ауылды жерлерде Оңдасын секілді кепілге қоятын мүлкі жоқ кәсіпкерлер аз емес. Сол себепті «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша шағын неиселерді кепілдендіру тетігі қарастырылған.

Абылай Нұркенов, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ СҚОФ директоры:

- Қатысушы жеке кәсіпкерлер біраз қиындықты көреді. Ол мүліктің жетпегені және мүлік бағасының аз болғаны. Біз кепілді бұрыннан істеп келе жатқан кәсіпкерлерге 50 процентке дейін береміз және жаңа бастағандарға 85 процентке дейін және де көп балалы және аз қамтылған жанұяның өкілдеріне 95 процентке дейін бере аламыз.

Кәсіпкерлер ауыл шаруашылығын қолдау қорына жүгіне алады. Жалпы елімізде соңғы үш жылда нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» бағдарламасымен 4 млрд теңгеден асатын бизнес жобаларға кепілдік берілді.

Авторлар: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов