ЕАЭО-ға мүше елдердің өзара саудасы 9 млрд долларды құраған

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына төраға ретінде қатысты.

Премьер-министр Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы өзара сауда көрсеткіштерінің жақсарғанын айтты. Өндірістік саладағы өсімнің қалпына келуін және қызмет көрсету секторындағы іскерлік белсенділіктің артқанын мәлімдеді. Одаққа мүше елдердің өзара саудасы 9 млрд долларды құраған. Бұл қаңтар-ақпан айларындағы көрсеткіш. Ал өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,8% артық. Отырыс барысында өнеркәсіптік ынтымақтастықтың 2025 жылға дейінгі негізгі бағыттары бекітілді. Құжат ортақ нарықтың әлеуеті негізінде одаққа мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік өндірісінің өсуін ынталандыруға бағытталған. Сонымен қатар кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, бірлесіп өндірілген тауарлардың сыртқы нарықтарда экспортын ілгерілетуге ықпал етпек.