Кәсіпкерлер үшін сомасы 750 млрд теңгенің салық төлемдері кейінге шегерілді

Отандық кәсіпкерлердің сомасы 750 миллиард теңгені құраған салықтық төлемдері кейінге шегерілді.

Бұл туралы бүгін ел Премьер-Министрі Асқар Мамин мәлімдеді. Бизнес өкілдері қарызын шілденің 1-інен кейін төлей алады. Мұндай шара кәсіпкерлерді пандемия кезінде қолдауға бағытталған. Соның арқасында олар 279 миллиард теңгені айналым капиталы ретінде пайдалана алады. Жалпы кәсіп иелеріне жәрдем беру мақсатында 6 мыңға жуық жоба субсидияланды. Жыл соңына дейін «Бизнеске арналған үкімет» жүйесі іске қосылады. Порталда мемлекет тарапынан көрсетілетін 600-ге жуық қолдау шаралары жайында ақпарат жарияланады.

Айта кетейік, «Ашық» жобасы да отандық кәсіпкерлердің кедергісіз жұмыс жүргізуіне сеп болды. Қазір жүйеде 3 мыңнан астам бизнес өкілі тіркелген. 

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Біздің қазіргі міндетіміз кәсіпкерлерге бизнесті дамытуға қолдау көрсету. Қабылданып жатқан шаралар биыл экономика өсімі құрылымында 0,8 проценттік тармаққа дейін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі өзектендірілген кешенді жоспардың уақытылы орындалуын, бизнесті салықтық ынталандыру бойынша заңнамалық түзетулер пакетін қабылдауды және 2021 жылғы 1 маусымға дейін Парламентте тиісті жұмыс жүргізуді тапсырамын. Мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге, «Даму» қорына «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бизнестің барлық қолдау түрлерін алу жөніндегі өтінімдерін қысқа мерзімде қарауды тапсырамын.