Қордайдағы вакцина зауытын салып бітуге қосымша қаражат керек

Сәуір айында 2 миллион қазақстандық коронавирусқа қарсы екпе алуы керек еді. Үкіметтің осындай уәдесі болған. Алайда мұның жартысы да орындалған жоқ. Бұл бір мәселе.

Қазақ вакцинасын шығаратын зауыттың да құрылысы бітпей-ақ қойды. Сұрақ көп, жауап жоқ. Осы бір шетінді мәселелерге ел де алаң, депутаттар да алаң.

Қазақстандық вакцина шығаратын зауыт Жамбыл облысы Қордай ауданында салынып жатыр. Құрылысы әлі бітпеген. Негізгі қондырғылар өндіріске дайын емес. Неліктен? Бұл сұрақтың жауабын ешкім білмеді. Анығында Мәжіліске келгендердің бір де біреуі жауап бере алмады. Оның үстіне құрылысқа тағы қаржы қажеттігі анықталып отыр.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

- Егер тағы 1,6 миллиард теңге берсек, кімнен сұрау болады? Кейін кімнен сұрау керек? Сіз (Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке) үш айдан кейін зауыт іске қосылмайды, өнеркәсіптік өндіріс жоқ деп отырсыз. Сіз әкімдіктенсіз бе, әлде мердігерсіз бе? 

Мәжіліс спикерінің сынына Денсаулық сақтау министрі де ұшырады. Ол зауытқа қатысты сұраққа «біз өнімді тұтынамыз, құрылысқа мердігерлер жауапты» деумен шектелді. Үкімет өкілдерін тығырықтан Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов та алып шыға алмады. 

Әлихан Смайылов ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

- Бұл мәселемен вице-премьер Ералы Тоғжанов айналысады. Министрліктер арасында БҒМ жауапты. Қазір барлық техникалық жұмысты әкімдік жүргізіп жатыр. Барлығы аяқталған соң оны жауапты министрлік алады.

Енді отандық вакцинаның қанша дозасы шығарылады? Жоспар ауқымды. Жұмысы басталғаннан кейін 60 миллионға жетеді деп жоспарланып отыр. 

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл үрдіс әлі дұрыстап қолға алмаған..... 

Үкімет өкілдері осылайша әділ сынға ұшырады. Бұл депутат Перуашевтің пікірі. Оның үстіне бұған бюджеттен аз қаржы бөлініп отырған жоқ. Биыл тағы 1 миллиард 597 миллион теңге қаралатын болды. Дегенмен, депутаттар бұл қаржының сұрауы болады деді. Әрбір тиынға жауап беруге тура келеді. Палата өкілдері денсаулық сақтау министрлігіне екпе алғандар тізімін дұрыс жүргізуді міндеттеді. Құзырлы орган вакциналанғандар саны әдейі арттырылып, яғни 1 жарым миллион деп көрсеткен. Ал екпенің екі дозасын тек 400 мың адам ғана қабылдаған. Ал министрлік тек бірінші компонент алғандарды жалпы тізімге қосып жіберген. 

Автор: Рауан Мыңбаев