Брюссельде еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері талқыланды

Брюссельде Берлин Еуразиялық клубының 31-ші отырысы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қатысушылар пандемия салдарынан туындаған дағдарысты еңсеру, бизнесті қолдау және Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыру мәселесін талқылады. Гибридті форматтағы форумды өткізуге неміс экономикасының Шығыс комитеті мен Германиядағы Қазақстан елшілігі мұрындық болған. Оған Қазақстан мен Еуроодақтың үкіметтік және іскер топтарының жүзден аса өкілі қатысты. Еліміздің сыртқы істер министрі пандемия кезінде экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету және халықты әлеуметтік қолдау саясаты жайлы айтты. Ауыл шаруашылығы жөніндегі еурокомиссар Қазақстанның осы сектордағы зор әлеуеті мен инвестициялық тартымдылығын атап өтті. Ал, неміс тарапы еліміздің аграрийлерімен тәжірибе алмасып, оларды Германияда тағылымдамадан өткізуге дайын екендерін жеткізді.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Бұл отырыс ең алдымен Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мен туризмді дамытуға байланысты болды. Отырысқа қатысқан бизнесмендер, еуропалық әріптестеріміз үлкен қызығушылық көрсетті. Өйткені біздің Үкіметпен қазіргі таңда қабылданып жатқан іс-шаралар, ұлттық бағдарламалар бұл елдің бизнесмендеріне үлкен жол ашады деп білеміз.

Михаэль Хармс, Неміс экономикасы шығыс комитетінің атқарушы директоры:

- Неміс бизнесін Қазақстанның мұнай-химия, пайдалы қазбаларды қайта өңдеу, жасыл энергетика, ауылшаруашылық, инфрақұрылым салалары қызықтырып отыр. Біз үшін машина жасау, аграрлық химия мен ауылшаруашылық өндірісі секторындағы түрлі жобаларға қатысу жағы да маңызды. Соңғы уақытта Қазақстанның осы салалары жақсы дамып, бәсекеге қабілеттігі артып келеді.