Алматыда азық-түлік күннен күнге қымбаттап жатыр

Алматыда азық-түлік күннен күнге қымбаттап жатыр. Әсіресе қой еті мен өсімдік майының бағасы шарықтап кетті. Баға бақылаусыз кетсе қарапайым тұтынушының қалтасы қағылары, әлеуемттік жағдайы төмендері анық.

Ал әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағамын қадағалауға тиіс әкімдік тұрақтандыру қоры арқылы жағдайды реттеуге болады дейді. 

Алмас Садуақас, тілші:

- «Үйдегі көңілді базардағы баға бұзады» дегендей Алматының базарлары мен азық-түлік дүкендерінде көп тауарды айтпағанның өзінде шұжық пен сүт өнімдері 20 процентке қымбаттады. Ал мына 5 литрлік өсімдік майы 2200 теңге болса, биыл бағасы 3800 теңгеге жетті.

Алматы қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мәліметінше жыл басынан бері қалада азық-түлік бағасы 5 процентке өсіпті. Алайда базар мен дүкендердегі баға мүлдем басқа екенін көрдік. Мысалы, сұйық майдың бір литрі 800, баракат күрішінің 3 келісі 1000, қарақұмықтың 3 келісі 1400 тұрады. Бұл көтерме базардағы баға болғандықтан халық та арзан екен деп осында келеді.

БЛИЦ:

- Жұмыртқа қымбат. Өткенде айтты арзандайды деп арзандамаған, бәрі қымбат.

- Бағасын кішкене түсіру керек. Қарапайым халыққа шынында да қиын ғой. Шыны керек баға апта сайын көтереді.

- Қымбат болса да балаларымыз бар ғой ақша табатын.

- Апта сайын қымбаттап келіп жатыр негізінде. В основном сырттан келеді өнімдер. Өзімізде Қазақстанда өндіріс аз болғаннан кейін аз. Оның үстіне халық өз өнімнен бас тартып жатады. Сапасы төмен дейді. Сақтау мерзімі өте төмен дейді.

Көктемде сүт пен ет өнімдерінің де бағасы күрт өсті. Қойдың қол етін сатып аламын десеңіз 8-10 мың теңге төлеуіңізге тура келеді. Өйткені бір келісі 2600-2800 теңге тұрады. Былтыр қой етінің бір келісі 2000 теңгеге жетпейтін еді.

Экономикалық сарапшы Мақсат Халықтың пікірінше, азық-түлік бағасының қымбаттауына Ұлттық Банктің соңғы бір жарым жылда қосымша 5 трлн теңгеден астам қаражатты айналымға енгізуі де әсер еткен.

Мақсат Халық, экономист:

- Оның барлығы түптеп келгенде тауар бағасының өсіміне алып келеді. Ол да бір ақша массасы мен тауар арасындағы заңдылық болады. Теңдік болуы керек. Егер ол теңгерім бұзылса онда бағалардың өсімі болады. Қазіргі уақытта көптеген тауарлардың бағасының қымбаттап жатқанын осыдан көруге болады.

Қала әкімдігі тарапынан бағаны тұрақтандыруға байланысты бағдарлама да қабылданды. Бұған дейін сатып алынған өнім арнайы қоймаларда сақталып, кейін сауда айналымына жіберіліп отырған. Енді тауар өндірушілер мен ірі сауда саттық орындарына жеңілдетілген несие беріледі. Процентсіз несие алған тауар сатушы компания немесе өнім өндіруші 19 түрлі әлеуемттік маңызы бар тауарды бекітілген бағада ғана сатуға міндетті. Мысалы, макарон бағасы 199, қант 249, тауық еті 850, айран 290 теңгеден аспауы қажет.

Дмитрий Веселов, супермаркеттер желісінің коммерциялық директоры:

- Бізде 10 түрлі әлеуметік маңызы бар тауар бар. Олардың бағасын жыл соңына дейін ұстап тұра аламыз. Өйткені келісім-шарт солай. Бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыра береміз.

Дамир Тазабеков, қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары:

- Тұрақтандыру қорынан 10 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат әлеуемттік маңызы бар тауар бағасын тұрақты ұстап тұруға бағытталады. Айталық, 13 тауар бойынша ірі сауда-саттық желісімен 5 млрд теңгеден астам қаржыға келісім-шарт жасастық. Сонымен қатар қаланы нанмен қамтамасыз ететін наубайханамен жыл соңына дейін келісім бар. Осы келісім-шарт негізінде тауар өндірушілер мен сауда жасайтын компаниялар бағаны өсіре алмайды.

Әрине тұрақтандыру қоры арқылы қаладағы азық-түлік бағамын бір қалыпта ұстап тұру қиын. Әркім төлем қабілетіне қарай қажетті тауарын сатып алады. Дегенмен, тұтынушы сұранысы мен әлеуметтік жағдайын үнемі ескеру қажет. Қазір базар мен ірі супермаркеттерде жеміс-жидек қымбаттап тұр. Бірақ оның бағасын нарық реттейді дейді кәсіпкерлік басқармасының өкілдері. Бұл әрине жылда қайталанатын маусым аралық көрініс. Дегенмен, баға бір өссе, арзандауы өте қиын.

Авторлар: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев