427,23 518.00 5.85
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанның қарызы неге көбейіп кетті?

  • 144
  • UPD: 21:45, 13.05.2021

Елдің сыртқы қарызы көбейіп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өзгеге 163 млрд доллар берешекпіз. Экономистер: «бұл – қауіпті жағдай» дейді. Өзгеге қол жая берсек, түбі опық жеп қалмаймыз ба? Экономистер не дейді?

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- «Ақша алыпты» дегенді жиі айтатын болдық. Алашақ болған адамдарды қойып, мемлекеттің өзі мешкейленіп кеткен бе дейсің бұл күні. Қазақстанның басқа елдерге берешегі көбейіп барады. Көршіге де қолқа салыппыз. Алыстағылардан да алдырған екенбіз. Сөйтіп, 163 млрд доллар қарыз жиналып қалған. Бұл былтырғыдан біршама көп.

Мақсат Халық, GSB UIB директоры, экономист:

- Ол алынып отырған қарыз бюджет тапшылығын жабу үшін ғана пайдаланылатын болса, Үкімет өзі қарыз алып отырған болса немесе Ұлттық банктің қарызы болса, бізде мынау Ұлттық компаниялар бар, квазимемлекеттік сектор, солардың алып отырған қарызы болса, онда ол қарыздар қауіпті деп айтуға негіз бар.

Кәрі құрлықтағы елдер меселімізді қайтармапты. Нидерланд бақандай 44 млрд доллар берген. Сосын Ұлыбритания ренжітпеді. Мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ-тан да алып үлгеріппіз. Не керек, халықаралық ұйымдарға да жүгінген екенбіз. Бірақ сол қаражатты қандай мақсатта жұмсап жатқанымыз көп жағдайда жұмбақ күйінде қалып жатады. Мұны экономистер де айтып отыр.

Меруерт Махмұтова, экономист:

- Мемлекетке қатысы бар, квазимемлекеттік компаниялардың сыртқы қарызы қайда жұмсалып жатыр, қандай жобалар іске қосылып жатыр, ол жәйдан жәй билікте отырған адамдардың бонустарына кетіп жатыр ма, соны зерттеп, бақылап отыру керек.

Биыл Үкімет Азия даму банкінен қарыз алды. 1,5 млрд еуро. Онымен бюджеттің жыртығын жамаймыз деген. Мұндай ұйымдар Қазақстанға қарыз беруден қорықпайды. Өйткені Ұлттық қоры бар дейді. Қал-қадірі жетпей жатса, бұрынырақта жинаған ақшасынан жырып береді деп сенеді.

Мақсат Халық, GSB UIB директоры, экономист:

- Бізде Ұлттық қор көп деп те айта алмаймыз. Өткен жылдың өзінде 10 млрд доллар алдық ұлттық қордан. Бір ғана пандемия салдарымен күресеміз деп. Осы жылы 3 трлн теңге алып отырмыз тағы да. Бұл да өте үлкен қаражат. Жылда 10 млрд долларлап құртатын болсақ, әрі кеткенде 4-5 жылда біз Ұлттық қорды бітіріп тастаймыз.

Міне, мамандар осыдан қорқады. «Қордағы қаражат таусылып қалса, қарызды қайтып қайтарамыз», дейді. Бетін аулақ, бірақ ондайда дефолт болады. Ал ондай жағдайға тап болған елдер әлемде аз емес.

Мақсат Халық, GSB UIB директоры, экономист:

- Венесуэла өзінің мұнайдан жинаған барлық қорын сарқып бітті. Енді олар әлемнен қарыз сұрайын десе бермейді. Өйткені олардың резервтері жоқ. Амал жоқ олар халықаралық валюта қорынан қарыз сұрап отыр. Аргентина да техникалық дефолттық дәрежеге жетті.

Мамандар мұндайдан сақтанудың жалғыз жолы бары екенін айтады. «Мемлекет шығыстарды айтарлықтай азайтқанда ғана өзгеден қарыз алмайтын боламыз», - дейді олар. «Қарыздың күліп келіп, жылатып кетерін» де қаперге салды. 

Авторлары: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы