Дүниежүзілік банк Қазақстанға 460 млн еуро қарыз береді

Қазақстан Дүниежүзілік банктен нәтижеге бағдарланған мал шаруашылығын тұрақты дамыту бағдарламасы бойынша қарыз алады.

Тиісті келісімге бүгін Премьер-министр Асқар Мамин қол қойды. Үкімет үйінде Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия аймағы бойынша вице-президенті Анна Бьердемен бейнебайланыс арқылы кездесу өтті. Тараптар цифрлық технология, қаржы, инфрақұрылым, энергетика, ауыл шаруашылығы, экология, адами капиталды, шағын және орта бизнесті дамыту бағытындағы жобаларды іске асыру келешегін талқылады. Қазақстан экономикасына пандемия салдарын барынша азайту мәселесі қозғалды.

Дүниежүзілік банк өкілі үкіметтің COVID-19-ға қарсы күрес, кәсіпкерлікті қолдау және нәтижелі жұмыспен қамту бойынша қабылдап жатқан шараларына жоғары баға берді. Қол қойылған құжат Халықаралық қайта құру және даму банкінің Қазақстанға ветеринарлық қызмет пен жануарларды есепке алу жүйесін жетілдіруге, фермерге бағдарланған қызмет көрсету моделін кеңейтуге, сондай-ақ «жасыл өсім» саясатын іске асыруға 460 млн еуро бөлуді көздейді. Жобаны іске асыру мерзімі 2021-2025 жылдарға жоспарланған.