Қазақстан мен Финляндияның тауар айналымы 3,4 есе өсті

Биылғы I-тоқсанда Қазақстан мен Финляндия арасындағы тауар айналымы 111,2 млн долларды құрап, 3,4 есе өсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жайында Премьер-министр Асқар Мамин мен Финляндияның сыртқы сауда және халықаралық дамуды қолдау министрі Вилле Скиннаридің екіжақты кездесуінде айтылды. Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, білім беру, денсаулық сақтау, цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты дамыту жайын талқылады. Кейінгі 15 жылда Финляндия Қазақстан экономикасына 366 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйды. Үкімет басшысы екіжақты сауда көлемін одан әрі арттыру және бірқатар салада инвестициялық жобаларды іске асырудың әлеуеті зор екенін атап өтті. Былтыр Финляндия - Қытай бағыты бойынша Қазақстан аумағы арқылы теміржол тасымалы артқан. Вилли Скиннаридің Қазақстанға сапары аясында сауда, қаржы, энергетика, көлік, агроөнеркәсіптік кешен бағыттарындағы әріптестікті тереңдетуді көздейтін Үкіметаралық комиссияның хаттамасына қол қойылды. Бірқатар меморандум бекіді.