Сенатта 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетке нақтылау талқыланды

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысы болып, онда депутаттар ұлттық экономика, қаржы министрліктері мен Ұлттық банк өкілдерімен бірлесе отырып, 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетке нақтылауды талқылады.

«Заң жобасы 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджеттің көрсеткіштерін ағымдағы жылдың сәуір айында 2021-2025 жылдарға арналған макроэкономикалық көрсеткіштердің нақтыланған болжамына сәйкес келтіру мақсатында әзірленді», – деп атап өтті отырыс барысында Комитет төрағасы Ольга Перепечина.

Еліміз Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын орындау, «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын қаржыландыру, коронавирус инфекциясымен күрес, сондай-ақ әлеуметтік міндеттемелерді іске асыруды қамтамасыз ету атқарылып жатқан осы жұмыстардың негізгі міндеті болып табылады.

Сенаттың баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл қаржыны медицина саласы қызметкерлеріне төлемдерді қамтамасыз етуге, дәрігерлер мен полицейлердің жалақысын арттыруға, жоғары оқу орындарының студенттерінің стипендияларын ұлғайтуға бағыттау ұсынылады. Талапкерлерге көбірек гранттар тағайындау, сондай-ақ ғылымды қаржыландыруды күшейту ұсынылады. Инфрақұрылымдық жобалар, оның ішінде 3 500-ден астам ауылды жаңғырту жұмыстары, жол салу мен жөндеу, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету және т.б. қарқын алуы тиіс.

Отырыс қорытындысы бойынша заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.