Қазақ-тәжік қатынасының болашағы қалай?

Президент сапарының аясында Душанбеде бизнес форум өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл біз тәжік еліне трансформатор, локоматив сатамыз. Мемлекеттер басшыларының кездесуі аясында осындай бірқатар келісім жасалды. Ертең де жасалмақ.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Не байқадыңыз, құрметті көрермен! Маска жоқ. Иә, Тәжікстан коронавирусты жеңген мемлекет. Осылай деп Президент Эмомали Рахмон мәлімдеме жасаған. Тіпті...

Тіпті бірнеше айдан бері бұл елде бірде-бір адам коронавирус жұқтырмаған. Сондықтан болар, дала былай тұрсын, базардың ішінде халық маскасыз жүр.

Бір жыл бойы әлемнің өзге елдері сынды томаға-тұйық күй кешкен тәжіктер қалыпты тіршілігіне оралған соң біздің елмен арадағы байланысты жандандыра түспек. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары һәм сапар аясында өткен бизнес форум дәлел. Тәжіктермен сауда келісімдерін жасауға Душанбеге қазақ елінен 20 шақты компанияның басшылары келді. Мәселен, біздегі электр компаниясы тәжіктерге екі айдан соң төрт трасформатор сатады. Форум аясындағы бір келісім осы.

Еркебұлан Ильясов, Электротехникалық жабдық өндіретін компанияның директорлар кеңесінің төрағасы:

- Негізі осы Тәжікстан елінде 70-80% трансформаторлардың көбісі біздің өзіміздің Кентау трансформатор зауыты. Осы Душанбе қаласының негізгі электр энергиясын беріп отыратын негізгі подстанциялардың сол ескі трансфоматорларының орнына жаңа өзіміздің Кентау трансформатор зауытының жаңағы өнімін қоямыз.

Жалпы Кентау тансформатор зауыты мен Тәжікстан арасындағы байланыс сонау 1959 жылы орнаған. Елімізден тәжік тарапына жылына 2-3 млн долларға тансформатор сатылады.

Атап өтейік, Тәжікстан жерінің 94%-і таулы. Сондықтан бұл елде гидроэлектр станциялары экономиканың драйвері саналады. Бірақ техникалық база ескі. Енді ескілерін біздің жаңалармен алмастырмақшы.

Джамшед Джумахонзода, Тәжікстанның сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы:

- Тауарды сатып алып жатқан әр компания біріншіден, сапа мен бағаға мән береді. Біз тауарларыңыздың сапасына көз жеткіздік. Сондықтан болар, таңдауымыз сіздерге түсті. Форумға Қазақстаннан 20 компанияның басшылары келсе, бізден аталған жиынға 120 компанияның жетекшілері қатысты. Бұл тәжік кәсіпкерлерінің қазақ елінің бизнес өкілдерімен байланысты нығайтып, өзара сауда жасасуға ниетті екенін аңғартады.

Әріптестіктің көкжиегі теміржол саласында да кеңеймек. Біздің ірі акционерлік қоғамның басшылығы бизнес форумда Тәжікстанның сауда палатасымен бірнеше келісімге қол қойды.

Нұралы Бөкейханов, компания бас директорының орынбасары:

- Ол келісім бойынша жылдың соңына дейін біз 70 млн-ға Қазақстаннан тамақ өнеркәсібінің өнімдерін, ауылшаруашылық өнімдерін, құрылыс өнімдерін экспорттауға жоспарға қол қойдық. Ең ірі контрактілердің бірі – ол біздің Қазақстанда өндірілген локомативтерді экспорттау бойынша контракт.

Сонымен бізден тәжік еліне жылдың соңына дейін төрт локоматив жеткізіледі. Хош. Індеттің құрсауында қалып, байланысы баяулаған елдер қазір осылайша әріптестікті жандандыруға бейілді. Жалпы Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тауар айналымы былтыр 910 млн АҚШ долларын құраған. Экспорт 757,5 миллион доллар болса, импорт 152 миллион доллар. Ал, биыл...

Азамат Асқарұлы, Qaztrade компаниясының бас директоры:

- Биылғы жылы 240 млн доллар. Бұл 14%-ке өсім. Ең алдымен бұл біздің бидай, ұн, май және басқа да өзіміздің тауарлар экспортқа шығарылады. Келісіп отыратын жаңа сфераларды айтатын болсам, ол медицина, IT және жалпы қызмет жасау сферасы.

Екі ел кәсіпкерлерінің аралас құраластығын арттыратын мұндай жоғары деңгейдегі бизнес форум соңғы он жылда алтыншы рет ұйымдастырылып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәжікстанға жасаған ресми сапарының мәні де осы. Ертеңгі жоғары деңгейдегі келіссөз арқылы екі ел арасындағы бауырластықты бекемдеу, серіктестікке серпін беру.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Жандос Битабаров