Цифрлық теңгенің болашағы бар ма?

Елде цифрлық теңге пайда болуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пилоттық жоба екінші жартыжылдықта жүзеге аспақ. Қазір Ұлттық банк тиісті дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Төлем құралының болашағы қандай?

Әлемдегі 30-дан аса орталық банк цифрлық валюта жайында толғанып жүр. Ұлттық банк те пилоттық жобаны қолға алып, ұлттық төлем жүйесін жетілдірмек. Бұл фиаттық теңгенің үшінші формасы. Яғни цифрлық валюта көмегімен 24 сағат кедергісіз, оффлайн төлем жасауға болады. Жоспар осындай. Қазіргі уақытта жобаны енгізудегі тәуекелдер зерттелуде.

Олжас Төлеуов, ҚҰБ төрағасының кеңесшісі:

- Сол тәуекелдерін біз пилоттық жобаның аясында зерттеп отырмыз. Олардың үш түрі болып тұр. Біріншіден, киберқауіпсіздік, екіншіден, жеке деректердің құпиялылығына қатысты тәуекелдер. Үшіншіден, макроэкономикалық әсерлерге қатысты. Тобымыздың тауып қойған нүктелеріміз бар. Бірақ оның бәрі теория болып тұр қазір. Өйткені бізде дерек жоқ, бізде ондай жоба болмаған.

Цифрлық теңге – криптовалюта емес. Тек Ұлттық банк бақылауындағы төл теңгеміздің сандық нұсқасы. Пилоттық жоба жыл соңына дейін жүзеге асады.

Олжас Төлеуов, ҚҰБ төрағасының кеңесшісі:

- Цифрлық теңгені пайдалану үшін бізге арнайы электрондық әмиян қажет болады. Оны гаджеттерге енгізіп қоюға болады. Сізде интернет бар кезде сіз цифрлық теңгені әмиянға аударып аласыз, интернет болмаса да, сөйтіп пайдалана аласыз.

Мамандар цифрлық теңгенің трансшекаралық төлемдерді арзандататынына сенімді. Әзірге жобаның оң-солы таразыланып жатыр. Ең бастысы, тұтынушы сандық валюта қызметін қолдану-қолданбасын өзі шешеді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ерлан Наурызбаев